Current Date: 14-06-2025

Қарқара жайлауында «Қымызмұрындық» және «Жолан жүйрігі - 2025» бәйгесі өтеді

21 маусым күні Алматы облысы, Кеген ауданы, Қарқара жайлауында дәстүрлі «Қымызмұрындық» және «Жолан жүйрігі — 2025» бәйгесі өтеді. Бұл туралы Кеген ауданының әкімдігі хабарлады.

«Мақсатымыз ұлттық құндылықтарымыз «Биебау», «Қымызмұрындық», «Кереге майлау», секілді салт-дәстүрін насихаттау, қайта жаңғырту және Қымызмұрындық дәстүрін мәдени-туристік брендке айналдыру», дейді ұйымдастырушылар.

Қымызмұрындық аясында аударыспақ, қыз қуу, қошқар көтеру, қазақ күресі, теңге ілу, жамбы ату, «Толағай» алыптар сайысы сынды ұлттық ойындарымыз бен ауыл шаруашылық көрмесі, қолөнер көрмесі өтеді. «Жолан жүйрігі» аясында Құнан бәйге, Топ бәйге, Аламан бәйге өтіп, қос жүлде автоөлік тігілген.

Сондай-ақ, Қазақстан Этнодизайнерлер Одағы мүшелерінің шеберлік сабақтары, қолөнер және суретшілер көрмесімен этно жәрмеңкесі ұсынылады. Республикалық Аналар кеңесінің «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» атты форумы, Топжарған этно орталығы мен Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы, Қазақстан өнер жұлдыздарының концерті өтеді. Қонақтарға 100 күбі қымыз ұсынылады.

Әйгілі Қарқара жаулайының төрінде өтетін айтулы шараға көршілес Қырғыз мемлекетінің Ыстықкөл облысының әкімі, Түп ауданының әкімі Қаныбек Абиев, сонымен қатар, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Қытай, Түркіменстан, Өзбекстан мемлекеттерінің өкілдері және қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, Ақсақалдар, ардагерлер, аналар кеңесі, этно-мәдени бірлестіктер, БАҚ өкілдері шақырылды. Айтулы шараға 9 мыңнан аса адам қатысады деп күтілуде.