Current Date: 14-06-2025

ЦАХАЛ: Израиль Иран жіберген зымырандардың көпшілігін қағып түсірді

ЦАХАЛ (Израиль қарулы күштері) Иран Израильге 100-ден аз зымыран жіберіп, көпшілігі қағып түсірілгенін және нысанаға жетпегенін мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы .

ВВС-дің жазуынша, Израиль әскері Тегерандағы ядролық және әскери нысандарға бағытталған израильдік шабуылдарға жауап ретінде Ираннан жасалған жаппай зымыран соққысына тойтарыс беріп жатыр. Тель-Авив пен Иерусалим үстінде жарқыл мен түтін байқалған. Жараланғандар туралы хабарламалар келіп түсіп жатыр.

Бірқатар ғимараттарға зақым келді. олардың кейбірі зымырандарды қағып түсіру кезінде түскен бөлшектерден болды, – деп жазды ЦАХАЛ-дың араб тіліндегі баспасөз хатшысы Авихай Адраи әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жұма күні кешке Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (IRGC) «ондаған нысанаға, әскери орталықтар мен әуе базаларына» зымырандар жіберілгенін мәлімдеді. Иранның мемлекеттік телеарнасы Израиль бағытына кемінде үш толқында зымырандар ұшырылғанын хабарлады.

Осыған дейін Израиль армиясы Иран аумағынан елге зымырандар жіберілгенін растаған болатын. Елде әуе дабылы жарияланды. Кейінірек Израильдің әскери дереккөзі AFP агенттігіне Ираннан ондаған баллистикалық зымыран ұшырылғанын мәлімдеді.

Біршама уақыт өткен соң Израиль армиясының ресми өкілі ел тұрғындарына баспаналардан шығуға болатынын, бірақ әзірге олардың маңында болу қажеттігін ескерткен.