Әнші Қарақат Әбілдина мереке қарсаңында Парасат орденімен марапатталды.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі оқырмандарынан сүйінші сұрады.
«Осындай жоғары марапатқа, бақытқа лайық деп Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы аналар мерекесінің қарсаңында Парасат орденімен марапаттап, осындай әдемі гүл шоғымен мерекемізбен құттықтады. Өте қуанып тұрмын. Бұл да болса, үйдегі алты баламның, сырттағы алты мыңнан астам шәкірттерімнің, періштелердің ақ тілегі деп білемін. Сенімдеріңізге мың алғыс! Әрқашан да өнерге адал қызмет етуге уәде беремін, үміттеріңізді ақтаймын. Бұл мен үшін күтпеген тосын сый болды, мерекенің қарсаңында көңілім көтеріліп, кеудемді қуаныш кернеп, өздеріңізбен осы қуанышыммен бөлісіп тұрған жайым бар. Президентімізге, сүйікті оқырмандарыма, баршаңызға мың алғыс! Қуаныш жұғысты болсын, марапатқа ие болған аяулы жандардың барлығын шын жүректен құттықтаймын, көктем мерекесі құтты болсын», — деді әнші.
Әншіні тыңдармандары мен өнердегі әріптестері құттықтап, ақжарма тілектерін аямауда.
«Әбден лайықтысыз, жасай беріңіз!», «Құттықтаймын, қандай керемет жаңалық», «Құдағишам, құтты болсын, абыройың асқақтай берсін», «Барлық марапатқа лайықсыз», «Қазақ әйелінің эталоны, бүгінгі бейнесі, марапатыңыз құтты болсын», — деп жазды олар.