Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Қарағанды облысының Абай ауданына қарасты Ягодный және Садовое ауылдарына алғаш рет су құбырлары тартылады, деп жазады Egemen.kz.
«Екі ауылда да 200-ден астам адам тұрады. Тұрғындарға қолайлы болуы үшін әр үйге су тарту жобасы әзірленді. Оған магистральды желілер тарту, су айдайтын мұнаралы сорғы станцияларын орнату кіреді», деді құрылыс бөлімінің бастығы Бахтияр Мырзалов.
Ягодныйда нысан маусым айының соңына дейін аяқталады деп күтіліп отыр. Ал Садовоеда әзірге жұмыстар жартылай ғана жасалған – 4,2 км су құбырының 1,7-сі төселіп, 21 құдық орнатылған. Жұмысты толық аяқтау қыркүйек айына жоспарланған.
Ауыл тұрғындары орталықтандырылған су жүйесінің қосылуын асыға күтіп жүр.
«Біз мұндай өзгерістерге өте қуаныштымыз. Өзіміздің су құбырымыз болса да, біресе сорғылар жанып кетіп, біресе басқа да ақаулар пайда болатын. Енді үйге су желісі қосылса тіптен тамаша ғой», дейді Садовое тұрғыны Нина Павлющенко.
Шағын елді мекендерде блокты-модульді су тазарту станциялары орнатылады. Жон, Тасзаимка, Восход, Суармалы, Пахотный ауылдарында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ұңғымалар дайын, станциялар құрастырылып жатыр, жабдықтар шілде айында жеткізіледі.
Осылайша, Абай ауданында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы толық аяқталады.