Current Date: 01-07-2025

Елдос Сметов: Алдағы жылы татамиге ораламын

Еліміздегі футбол академияларының саны тағы біреуге артады. Алматы облысы Талғар қаласында FIFA талаптарына сай заманауи кешеннің құрылысы басталды .

Оның жалпы аумағы 5500 шаршы метрді құрайды және барлық өңірден балалар қабылданады деп жоспарланып отыр. Футбол академиясында жабық футбол залы, дене дайындығы аумағы, қалпына келу бассейндері, жатақхана, асхана, конференц-зал, медицина және оңалту кабинеттері қарастырылған. Жоба Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен қолға алынды. Ерекшелігі сол, оған жеке инвестиция тартылған. Оның көлемі 8 миллион еуроны құрайды. «Алдағы уақытта мұнда жас таланттарды анықтап, оларды жүйелі дамытып, қазақ балаларынан кәсіби футболшылар шығаруға септігін тигізері анық», – дейді академияның іргетасын қалау рәсіміне жиналған мамандар.

Қазақ қыздары Әлем Кубогына тас-түйін дайын

Қазақ қыздары Әлем Кубогына тас-түйін дайын. Елдос Сайдалин жетекшілік ететін ұлттық құрама өкілдері дәл қазір Алматы облысы Жанашар ауылында бірлескен жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Яғни біздің боксшылармен бірге шеберлік шыңдауға Ресей, Жапония және Нигерия құрамалары келді. Бас бапкері дайындықтың барысы жоспарға сай екенін және жалпы есепте топ жаруға болатыннын жеткізді. Қазақ қыздары бірер күннен кейін Астанаға жол тартады. Байрақты бәсекенің өзі 30 маусымда басталып, 7 шілдеге дейін жалғасады. Жарыс елорда төріндегі Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады. Келем деушілерге есік ашық. Яғни бокс жанкүйерлері тегін негізде залға кіріп, тартысты кездесулерді өз көздерімен тамашалай алады.

Елдос Сметов: Алдағы жылы татамиге ораламын

Сметов келесі жылы татамиге оралады. Олимпиада чемпионы әзірге кәсіпқой мансабын аяқтамайтынын жеткізіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Айта кетейік, ол күні кеше Италияның Рим қаласына барып, иығына операция жасатты. Бұл жарақат дзюдошыны көптен бері мазалап жүр еді. «Қазір үзілісті пайдаланып, денсаулығыма толық көңіл бөлгенді және толық ем қабылдағанды жөн көрдім», – дейді Елдос Сметов. Енді бірер айдан кейін қайтадан жаттығуға кірісуді жоспарлап отыр. Ал ірі жарыстарға 2026 жылы араласа бастайды. Тіпті 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионаты мен 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға да қатысуға ниетті екенін жеткізді.

Елдос Сметов, Олимпиада чемпионы:

- Өздеріңіз білесіздер, Олимпиадаға дейін де иығымның жарақаты мазалайтын. Қазір денсаулығыма толық көңіл бөлгенді және толық ем қабылдағанды жөн көрдім. 2-3 айдан кейін жаттығуға кірісемін. Ал жарыстарға келесі жылдың басында қосылуға ниеттімін. Мансабын аяқтады деп сүйіншілегендерге сәлем жолдаймын. Мен әлі сары «нашивкамен» татамиге шығып күресемін.