Current Date: 14-03-2025

«Жастар рухы» белсенділері жұмысшы әйелдерді мерекемен құттықтады

Аманат партиясының жанындағы «Жастар рухы» қанатының белсенділері жұмысшы әйелдерді құттықтады.

Іс-шара жұмысшы мамандықтар жылы аясында іскер әйелдердің еңбегін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Белсенділер алғаш болып Астанадағы жылу электр орталығына барды. Бас қаланы жарықтандырып, жылумен қамтып отырған жандарға жылы лебізін білдірді. Артынша арнайы сыйлықтар табыстады. Елордада басталған ауқымды іс шара, елдің барлық өңірінде жалғасты. Мәселен алматылық жастар зауытта еңбек етіп жатқан нәзік жандыларды құттықтап, кәсіпорын жұмысымен танысты. Ал жезқазғандық белсенділер қоғамдық орындарда еңбек ететін әйелдерге гүл шоқтарын сыйлады. Семейде мерекелік құттықтаулар коммуналдық қызметте жұмыс істейтін әйелдер мен кондукторларға арналды.

Ақерке Ескендірова, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:

- Энергетика – қажыр мен табандылықты талап ететін сала. Әйелдер бұл салада ерлермен қатар аянбай еңбек етіп, қоғамды жарық пен жылумен қамтамасыз етіп келеді. Бүгін біз тек бұл азаматшалардың еңбектеріне алғыс айтып қоймай, оны баршаға үлгі ретінде көрсетуіміз керек. Дәл осы сынды шараларды аймақтық филиалдарда өтіп жатқанын атап өткім келеді. Жастар жұмысшы мамандықтар иелерін – коммуналдық қызметкерлер, зауыт-фабрикада жасайтын аруларды, тігіншілер мен фармацевттерді де назардан тыс қалдырмауда.