2023 жылдан бері әскери борышын өтеген 6 мыңға жуық азамат жоғары оқу орындарына грантқа түскен, деп хабарлайды 24kz.
Соның 2 мыңнан астамы яғни биылғы оқу жылынан бастап жатақханамен қамтылып, шәкіртақы алатын мүмкіндікке ие болды.. Тиімді жобаның тағы қандай ұтымды тұстары бар?
Мерей Қанапия, тілші:
- Еоңғы 2 жылда бас аяғы 8 мыңнан астам грант бөлінген. Соның 6 мыңға жуығы игеріліпті. Арнайы жоба арқылы грантқа түскендердің бірі – Темірлан Раушан. Былтыр колледж бітіріп, дипломын алған бойда әскерге өз еркімен аттанған. Армиядағы тәртібі мен белсенділігінің арқасында өзі армандаған университетке оқуға түсіп, мемлекеттік грант иегері атанды.
Темірлан Раушан, грант иегері:
- Аягөзде 10181 әскери бөлімі бар. Сондағы артиллериялық дивизионда борышымды өтеп келдім. Грант алғанда негізі керемет сезім болды. Кішкентай балаға сыйлық бергендей болады ғой. Сондай болды. Қорғаныс министрлігіне шақырылдық. Сол жерде Қорғаныс министрінің орынбасары табыстады. Сол кезде ата-анамыз, бауырларымыз бәрі қуанышты болды. Қазір ЕҰУ ақпараттық технология деген мамандыққа өттім.
Әскери борышын өтегендерге жақында бас-аяғы 2314 мемлекеттік грант бөлінді. Соның 2 мыңнан астамын Ғылым және жоғары білім министрлігі бөлсе, қалған 304 грантты Қорғаныс министрлігі берген. Нәтижесінде Қарулы күштерге 1140 орын, Ұлттық ұланға 910, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне 161 орын, Төтенше жағдайлар министрлігіне 55 грант берілсе, Мемлекеттік күзет қызметіне 48 орын бөлінген.
Айберген Өміржан, грант иегері:
- Әскерде жүріп грантқа түсуге болады деп естіген кезде мен қуандым. Оған әрекет еттім, өзімнің қабілеттерімді көрсеттім. Іріктеу болды және әскерде жүріп ҰБТ тапсырдық. Сол ҰБТ-дан жақсы балл жинап, әрі қарай грант алғанымды естігенде қуандым. Мен Өскемен қаласында, Северянск қаласында әуе қорғаныс күштеріне қарсы әскерінде қызмет еттім. Қарағанды қаласына оқуға түсіп жатырмын.
Мұрат Олжабаев, ҚР ҚМ Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы:
- Жаңадан келген сарбаздар армия қатарына алынбай жатып, қорғаныс департаменттеріне келгеннен бастап үгіт-насихат жүргізіліп, түсіндіріледі. Бірінші күннен бастап әскери қызметкерлердің барлық үлгерімі, жауынгерлік кезекшіліктері, өздерінің міндеттерін атқару кезіндегі көрсеткіштері физикалық-психологиялық тұрғыда есептеліп, соңында 2 пәннен тест тапсырып, рейтинг бойынша кім жоғары деңгейде, солай бөлінеді.
2023-2024 жылдары 6 мыңға жуық сарбазға сертификат берілсе, соның 50%-тен астамы игерілген. Қалғандары жеке себептеріне байланысты тегін оқудан бас тартқан.
Мұрат Олжабаев, ҚР ҚМ Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы:
- Кейбір ата-аналар түсінбейді. Армия қатарына барғандардың барлығына түгел беріледі деп ойлайды. Мұны алуға барлық сарбаздың мүмкіндігі бар. Жоғарыда айтқандай, Ғылым және жоғары білім министрлігінен 2010 орын бөлінді. Сол 2010 орынға әскер қатарында 20 мың әскери қызметкер болса, соның 2010-ы ғана иелене алады. Қалған 18 мың адамның мүмкіндігі бар. Яғни, ҰБТ-сыз ақылы оқуға түсе алады.
Айта кетейік, грант иегерлеріне жаңа оқу жылынан бастап шәкіратқы төленіп, жатақханамен қамтылады. Одан бөлек, әскери кафедраларға еш іріктеусіз қабылданып, офицерлік шен алып шыға алады.
Авторы: Мерей Қанапия