Current Date: 14-03-2025

Ұлағат мектебі

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңестері отбасы құндылықтарын сақтау, жас ұрпақты рухани-адамгершілік бағытта тәрбиелеуде ата-ана рөлін күшейту тұрғысында жұмыс атқарады.

Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесі өткен жылы «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Сала­матты сана» жобасымен білім беру ұйымдары, қоғамдық орындар, NEET санатындағы жастар арасында түрлі іс-шаралар өткізді. Ең алдымен мектептерде ата-аналармен кездесулер жоспарланғанда, ұсынысты білім беру ұйымдарының басшылары бірден құптады. Өйткені қазіргі қоғамда жастар ара­­сындағы тәртіпсіздік белең алып бара жатыр. Көп­­ші­лік ата-ана баласын қалай тәрбиелеуді білмейді.

«Өңірлік кеңестің өмірлік тәжірибесі мол, үлгілі ұрпақ тәрбиелеп отырған мүшелері «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасына түгел жұмылды. Мәселен, ұлты орыс, күйеуі қазақ, үш баланың анасы, қазақ тілінде таза сөйлейтін Рита Клютова, шешен этно-мәдени бірлестігінің өкілі Асма Мұртазалиқызы Билалова, «Ақ калфак» татар-башқұрт аналар кеңесінің жетекшісі Рамзия Шаукатқызы Есембаева, еврей ЭМБ төрағасы Полина Яковлевна Савицкая әртүрлі ортада кездесулер өткізді. «Ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі» тақырыбындағы ата-аналар жиналыстарында жиі қозғалған мәселе – балалардың телефонға тәуелділігі мен интернет арқылы сырттан төнетін қауіп. Біз мынадай кеңес бердік. «Шыбықты жас кезінде түзе» деген нақыл сөз бар. Көбіңіз жұмысты сылтау­ратып, баламен ашық сөйлесуден қалып барасыз. Тіпті кей отбасы бір дастарқан басында ас ішуді де ұмытты. Бұрын бір үйдің адамдары кешкілік бірге тамақ ішетін. Төрде ата-әжесі отырады. Бәрі көрген-білгенін айтады, үй шаруасын ақылдасады. Дастарқан басында бейәдеп сөздер айтылмайтын. Бала әке-шеше, ата-әженің сөзіне құлақ түретін. Біз кездесулерде осы нәрсені жас ата-аналардың құлағына құюға тырысамыз», дейді Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Рауза Сатымқызы Серғалина.

Бұдан бөлек кеңес мүшелері ата-ана қамқор­­лығынсыз қалған балаларға арналған «Мейірім» үйінде, «Аяла» жетім балаларға арналған орталықта үй­лесімді даму, репродук­тивті денсаулық, әлеу­меттік кеселдерден аулақ болу жайы туралы әңгіме өткізеді. Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған жас аналарға арналған «Аналар үйіне» ай са­йын барып, медиативті-психологиялық кеңес беріп, құқықтық көмек көрсетеді, құжаттарын реттеуге жәрдемдеседі. Бұл жерде барар жері жоқ 18-23 жас арасындағы жас босанған аналар сәбилерімен алты ай тұрады. Тағдырлары әртүрлі. Олар орта­лық­та өз қалауымен шаштараз, аспаз, массаж, тігіншілік курстардың бірін оқып, бұл жерден кеткен соң да меңгерген мамандығымен ақша таба алады. Ассамблея аналары Ақтөбедегі «Отбасын қол­дау орталығында» мұқтаж әйелдерді кәсіптік баулуға үйрететін «Ұмай ана» үйірмесін жүргізеді.

Шешен этно-мәдени бірлестігінің өкілі, ұлағат­ты ұрпақ тәрбиелеп отырған Асма Мұрта­залиқызы қаладағы 6655, 302238 әскери бөлімдерінің сарбаздарымен жиі кездеседі. Асма апай адамды сүю туралы көп айтады. «Жан-жағыңызға шуақ шашып, жарқырап жүр. Бәріне мейіріммен қара. Дүниедегі ең үлкен құдірет – өз ата-анаңыз. Ең алдымен оларды сыйла. Ата-анасын шын құрметтегеннің өзі де жан-жағына сыйлы болады», дейді жауынгерлерге. Айта кету керек, Ақтөбе облысында 1020 мүшесі бар 175 Аналар кеңесі құрылған. Оның 12-сі аудан орталықтарында, 123-і елді мекендерде ашылған. Өткен жылы Алға, Ойыл, Ырғыз, Шалқар аудандарындағы кеңестер белсенді жұмыстарымен ерекшеленді. Мәселен, Шалқар ауданы ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрағасы Маржан Бекетова «Мейірім» әлеуметтік керуенін ұйымдастырып, кәсіпкерлер берген киім-кешек, азық-түлікті жағдайы төмен отбасыларға таратты. Алға ауданында Бақыт Ерғалиева саламатты өмір салтын қалыптастыру жобасын қолға алса, Қобда аудандық кеңесі оқушыларды киелі орындарға апарып, патриоттық тәрбие берумен айналысты. Ырғыз ауданында Құралай Берекеш ата-анасынан қалған киіз үйді жабдығымен жаңалап құрып, этноорталық жасады. Осы жерде балаларға ұлттық ойындар, ұмытылған ұлттық тағамдар дайындауды үйретеді. Өңірлік ассамблея аналары қолға алған «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының түпкі мақсаты – қоғамдағы отбасы институты тұғырын бекіту. Осы бағытта кеңес мүшелері жұртшылықтан тың ұсыныстарды қабылдауға даяр.

Ақтөбе облысы