Current Date: 11-09-2025

Ақтөбеде арнаулы спорт кешені пайдалануға беріледі

Ақтөбеде биыл ерекше күтімдегі жандарға арналған спорт кешені пайдалануға беріледі, деп хабарлайды 24KZ. Нысан құрылысы төрт жыл бұрын басталып, тоқтап қалған еді. Былтыр жұмыс қайта жанданып, спортшылардың да үміті оянды. Қазір олар спорт мектептерінде жаттығып , ғимараттың пайдалануға берілуін тағатсыздана күтіп жүр.

Ақтөбедегі есту және көру қабілеті нашар спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарға дайындалып жатыр. Бесеуі күзде ұлттық құрама сапында Токиодағы ХV Сурдлимпиадалық ойындарға қатысады. Олар өзге де саңлақтармен олимпиадалық резервті дайындау орталығында жаттығып жүр.

Қаржаубай Тениев, жаттықтырушы:

- Бұл жерде олимпиадалық резервтегі балуандар, боксшылар, футболшылар жаттығады. Солармен бірге біздің ерекше қажеттілігі бар спортшылар да шынығады. Бәріміз бекітілген уақытта ғана жаттығамыз. Бізге манеж керек. Себебі қыста басқа залға баруға мәжбүрміз.

Спорт кешені 2021 жылы салына бастаған. Бірақ кейін жұмыс тоқтап, жобалық-сметалық құжаттарына өзгеріс енгізілген.

Аслан Жарасбаев, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Құрылыс материалдары күрт қымбаттауына байланысты COVID-19 пандемиясына дейін жасалған жобаларды, сметаларды түзетуге тура келді. Осы жоба да түзетуге жатты. Жобаның бастапқы құны 1,7 млрд болса, түзетуден кейінгі сомасы 2,9 млрд-қа өсті. Биылғы жылы қазан айында пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда объект 70% аяқталып тұр.

Ғимаратта бассейн, теннис корты және күрес пен командалық ойындарға арналған зал болады. Арнайы жаттығу бөлмесі де қарастырылып отыр. Ал аулаға футбол, волейбол, баскетбол алаңдары салынады.

Алексей Мартыненко, мердігер мекеме өкілі:

- Қазір кафель салып, стадионның тасын төсеп жатырмыз. Енді мамандар келіп, бассейннің құрылғыларын орнатады. Нысанды жаздың соңына қарай өткізіп береміз.

Мейіржан Ахамбай, Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл спорт кешені арқылы біз мүмкіндігі шектеулі жандарды бір орталықта қамти аламыз. Бұл спорт кешенінің ерекшелігі халықаралық және республикалық масштабтағы жарыстарды өткізуге мүмкіндігіміз бар.

Облыстағы спорт клубының 1700-ден астам мүшесі бар. Олар 22 спорт түрінен жарыстарға қатысып, ел абыройын асқақтатып жүр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков