Шайбалы хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы биылғы Азия ойындарында сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды 24kz.
Қытайда өткен құрлық додасында біздің бұрымдылар күміс медаль иеленді. Мереке қарсаңында арна тілшілері хоккейші қыздармен тілдесіп, құттықтап қайтты.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Анастасия Оразбаева – «Томирис» командасының және Қазақстан құрамасының ең тәжірибелі ойыншыларының бірі. 15 жылдан бері өмірі жаттығулармен, хоккейдегі қызу тартыстармен тығыз байланысты. Өзі бұл спорт түрін тек ерлерге тән деп санау ескірген түсінік екенін айтады.
Анастасия Оразбаева, хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасының шабуылшысы:
- Бүгінде технологияның дамығаны сонша, хоккей бұрынғыдай қорқынышты, қауіпті емес. Хоккеймен айналысатын қыз ер мінезді болады немесе отбасын құра алмайды деген қате пікір. Мен – соның айқын дәлелімін. Жолдасым мен балам бар. Хоккей қыз баланы жауапкершілікке, көпшілікпен тіл табысуға үйретеді. Бұл өмірге ең қажетті дағды.
Қытайдағы Азия ойындарында қазақстандық хоккейшілер жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетті. Олар ақтық сайыста Қытай құрамасына қарсы ойнап, овертаймда жеңіске жетті. Қарсыластар қақпасына шешуші шайбаны Анастасия Шегай соқты.
Анастасия Шегай, хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасының шабуылшысы:
- Азия ойындарына қатысу – әрбір хоккейші үшін үлкен арман. Маған қатты ұнады. Мұндай жарыстарға алғаш рет қатыстым, әсіресе, гол соғудың әсері ерекше болды. Біз жүлделі орын алдық – бұл да үлкен қуаныш.
Алда қазақстандық хоккейшілерді Әлем чемпионаты күтіп тұр. Жаһан жұрты көзтікккен байрақты бәсеке сәуір айында Ұлыбританияда өтеді. Қазақстан құрамасы Латвия, Италия, Оңтүстік Корея және турнир қожайындарымен ойнайды.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Аружан Серікқызы, Жандос Битабаров