Current Date: 04-07-2025

Астана күні қалай тойланады?

Елорда күніне орай қалада маусым айынан бері 120-дан астам әлеуметтік, мәдени және спорттық шара қолға алынған, деп хабарлайды 24kz.

Мәселен, күні кеше ғана Есіл өзені жағасындағы амфитеатрда эстрадалық-симфониялық оркестр мен эстрадалық-джаз ансамблінің қатысуымен «Jazz vibe» мерекелік концерті өтті. Ал бүгін Жастар сарайында жұмысшы мамандықтарды насихаттауға арналған қалалық байқаудың жеңімпаздары марапатталып, дәстүрлі өнерді дәріптеу мақсатында «Асыл мұра» мерекелік концерті ұйымдастырылып жатыр. Айта кеткен жөн, қала күнін тойлауға биыл шетелдік әртістер шақырылмайды, тек қалалық мәдениет басқармасына қарасты 14 ұжымның өнерпаздары ғана өнер көрсетеді.

Ширек ғасырдан астам тарихы бар Астана биыл да төл мерекесінде тұрғындарды ерекше шараларымен қуанышқа кенелтіп отыр. Маусым айынан бері шаһардың әр бұрышында түрлі деңгейдегі жиындар ұйымдастырылып, қаланың қым-қуыт тірлігі қызықты сәттермен толыға түсуде. Олардың қатарында мүгедек жастар қоғамы қолға алған боулинг турнирі де бар.

Назгүл Маханова, «Мүгедек жастар қоғамының» үйлестірушісі:

- Боулинг турнирдің биылғы тақырыбын «Экстрабилити 2025» деп алдық. Экстрабилити дегеніміз адамның өзі біле бермейтін қасиеттерін ояту. Яғни, ойыншылар есту және иіс сезу қабылеттеріне сүйене отырып, жұмулы көзбен боулинг ойнайды. Сол арқылы көру қабілетінде ақауы бар адамдардың ішкі жан дүниесін түсінеді.

Дәуіржан Жұмахан, «Астана жастары» орталығының қызметкері:

- Мен үшін бірінші рет эксперимент боп тұр. Яғни, біз басқа сезім мүшелерімізді дамытып жатырмыз. Өзімізге ерекше қызық боп жатыр.

Боулингтен бөлек, астаналықтар үшін шахматтан, ескек есуден, бокстан, воллейболдан және асық атудан түрлі жарыстар өтіп, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін спорттық шаралардың қатысушысына айналады.

Ескендір Рахметов, «Асық ойыны» ұлттық спорт федерациясының төрағасы:

- Бұл «Астана сақасы» деген биыл екінші рет өтейін деп жатыр? «Неге «Астана сақасы»? Өйткені осы асық спортының дамуына сүбелі үлес қосып жатқан, ұлттық кодты дәріптеп жүрген осы Астана қаласының құрама команданың белді спортшылары әлемдік чемпионаттарды жеңіп алған, әлем кубогын жеңіп алған. Көшпенділер ойындарын жеңген. Осы Астана қаласы спортшыларының жетістігі.

Қала көркін қыздырып, мерекелік көңіл-күй сыйлауда мәдени кештердің орны бөлек. Бұл мақсатта ерке Есілдің жағасындағы амфитеатр сахнасында «Джаз вайб» концерті ұйымдастырылып, отандық эстрада жұлдыздары тыңдармандарын джаз ырғағында елтіп, ұмытылмас сәттер сыйлады.

Зарина Божакова, әнші:

- Мен үшін бұл қала әсем, ару қала. Бұл махаббатың қаласы, болашақтың қаласы. Қымбатты астаналықтар, сіздерді баршаңызды Астана күнімен құттықтаймын. Аман болайық. Астана, мен сені сүйемін.

Бас қаланы басты мерекесімен құттықтауға шаһардың кішкентай тұрғындары да атсалысты. Дарынды өнерпаздар бүгін «Аялаған астана» концертінде өнерлерін ортаға салды.

Гүлзира Оспанова, Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының әдіскері:

- Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында жылдағыдай дәстүрлі түрде Астана күні қарсаңына мереке өтеді. Бүгін де «Аялаған астана» атты концерттік шарамен атап өтіп жатырмыз. Бұл іс-шараға бізде «Балалықтың бой тұмары» атты лагерь балалары қатысады, ата-аналар бар.

Жаңабай Мейірманқұлов, Астана қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасының басшысы:

- 5-6 шілде күндері Астанада қалалық спектакльдер фестивалі өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтарына елорда саябақтары мен алаңдарында ашық аспан астында театрландырылған қойылымдар ұсынылады. Фестиваль қала көшелерінде өнерпаздардың шеруімен ашылады. 2 күндік бағдарламаға Астана, Алматы, Мәскеу және Бішкек қалаларының шығармашылық ұжымдары қатысады.

Дәл сол күні Атырау көпірі, Орталық саябақ пен Қазақ елі монументі алаңында да мерекелік концерт өтеді. Атаулы күнге орай Коммуналдық қызметшілер саябағы мен Ахмет Жұбанов сквері және 30-дан астам алаң қолданысқа беріліп, демалыс орындарының қатары артпақ. Сондықтан демалыс күнім қызықты өтсін десеңіз, мерекелік шаралардан қалыс қалмаңыз.

Авторлары: Назым Қайрат, Марат Диханбаев, Арман Ақшабаев, Артур Горшняков