Current Date: 14-03-2025

Павлодарда жас суретшінің жеке көрмесі ашылды

Павлодардың көркем сурет музейінде жас суретші Әділхан Қыпшақовтың «Шекарасыз әлем» атты жеке көрмесі ашылды. Көрменің атауы тегін таңдалмаған, аяқ-қолындағы кемістікке қарамастан, автор аниме стилінде таңғажайып суреттер салады.

Әділхан Қыпшақов отбасындағы бес баланың үшіншісі. Мүгедектігі бар бала басқаларға тәуелді болғанды ұнатпайды. Мектеп пен колледжді үздік бітіріп, жоғары оқу орнына түскен. Қазір журналист мамандығы бойынша білім алып жатыр. Оның суреттері әсерлі, жарқын бейнелерге толы ішкі әлемінің көрінісі іспетті.

Әділхан Қыпшақов, суретші:

- Менің өмір сүруіме диагнозымның ешқандай кедергісі жоқ. Ел қатарлы қуанамын, ренжимін, жылаймын. Ешқандай ыңғайсыздықты сезбеймін. Менің суреттерімнің бәрі аниме стилінде салынған. Бұл менің табиғатыма жақын жанр. Сондықтан қатты ұнайды. Сол арқылы жан дүниемнің ішкі сырын ақтарамын.

Анасы Галина Қыпшақова баласының зеректігін кішкентайынан байқапты. Өнер мен білімге құштар болып өскен ол табандылығымен де таңқалдырған.

Галина Қыпшақова, Әділхан Қыпшақовтың анасы:

- Мен оның суреттерін көргенде қатты қуанатынмын. Бірақ Instagram парақшасын жүргізіп, көп оқырман жинағанын білмедім. Өте ақылды болып өсті. Кішкене ұялшақтығы бар. Ұлымның жетістігін мақтан етемін.

Әділхан 5-сыныптан бастап Тереңкөл ауданындағы Песчан ауылында оқыған. Шәкірт жетістігі — ұстазы үшін үлкен абырой.

Назигүл Әліпова, Песчан ауылдық ЖОБ мектебінің директоры:

- Мен Әділханды нағыз күрескер дер едім. Ол алдына мақсат қоя біледі. Өзінің болмысымен көпке үлгі болып келеді. Мектепте жүргенде бәрінен алда болды. Өте ризамын.

Әділхан 2019 жылы өзінің кумирі, атақты Ник Вуйчичпен кездесті. Бұл жас балаға шабыт сыйлап, ертеңге деген сенімін арттыра түсті. Суретші келешекте әлемге танымал шоумен болуды армандайды.