Current Date: 02-08-2025

Премьер-министр: Каспийдің таяздануы – аймақтағы негізгі сын-қатер

Каспий теңізінің таяздануы – аймақтағы негізгі сын-қатердің бірі. Премьер-министр Олжас Бектенов Каспий маңы елдерін теңіздің таяздануын болдырмауға шақырды.

«2000-шы жылдардың басынан бері Каспий теңізі деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады. Осы және өзге де проблемаларды зерттеу үшін Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылған. Ғалымдардың болжамдары көңіл көншітпейді. Осынау бірегей су айдынын сақтап қалу үшін барлық Каспий маңы мемлекеттерінің батыл үйлестірілген іс-қимылы қажет», - деді Премьер-министр.

Сондай-ақ, Олжас Бектенов Аралдағы ахуалға тоқталып, Қазақстанның атқарып жатқан жұмыстарды атап өтті. Мұздықтарды сақтау да маңызды. Сарапшылардың болжамынша, 2100 жылға қарай Орталық Азия мұздықтарының көлемі айтарлықтай кішірейеді. Осыған байланысты Қазақстан Президенті Эр-Рияд саммитінде мұздықтарды зерттеу және қорғау бойынша «Су мұнаралары серіктестігін» құруды ұсынған еді. Олжас Бектенов осы ретте Қазақстанның су қоймаларын реттеу, есепке алуды автоматтандыру сияқты бірлескен гидротехникалық жобаларды іске асыруға дайын екенін атап өтті.