Current Date: 02-08-2025

Өзбекстанда екі бірдей дала өрті тіркелді

Өзбекстанда соңғы тәулікте екі бірдей дала өрті тіркелді. Сұрхандария облысындағы табиғи қорықта тұтанған қызыл жалын бес гектардан астам аумақты шарпыған. Оны сөндіруге бас аяғы 250 ге тарта адам мен бірнеше ондаған техника жұмылдырылды. Өрт сөндіру жасақтары, құтқарушылар мен қорықшылар, орман шаруашылығының өкілдері тілсіз жаумен 9 сағатқа жуық арпалысқан. Іле- шала төтенше жағдайлар қызметіне Ташкент облысындағы алқаптарда өрт тұтанғаны жайлы хабар түскен. Бұл жолы да жалынмен арпалыс бірнеше сағатқа созылды. Өртті сөндіруге тікұшақтар тартылды. Әуеден шамамен 60 тоннадай су шашылған. Түн ортасында қызыл жалын ауыздықталды. Қаза тапқандар туралы мәлімет жоқ. Алайда табиғатқа орасан зиян келді. Өсімдіктер мен жабайы жануарлардың қаншалықты зардап шеккені анықталып жатыр.

Базаркүл Отыншиева