Current Date: 11-09-2025

Атырау облысында 400-ден астам киберқылмыс тіркелген

Атырау облысында жыл басынан бері 400-ден аса киберқылмыс тіркелген .

50-ге жуық күдікті ұсталып, 150 іс сотқа жолданды. Алаяқтар көбіне әлеуметтік желілерді, сондай-ақ шетелдік байланыс нөмірлері мен жалған аккаунттарды пайдаланып, жеке деректерді ұрлайды. Қылмыстың алдын алу мақсатында «Кибербақылау» платформасы арқылы 2 мыңнан аса фишингтік сайт анықталып, бұғатталған. Сондай-ақ жыл басынан бері киберқауіпсіздік тақырыбында арнайы лекциялар өткізіліп, 20 мыңнан аса адамды қамтыған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Интернет-алаяқтарға алданғандардың 40 процентке жуығы қаражатын кері алған.

Расул Жолдас, облыстық ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:

- Ұлттық Банкпен бірлескен өзіміздің жеке базамыз бар «антифрод» деген. Сол «антифрод» арқылы біз интернет-алаяқтықтың құрбандарына ақша-қаражаттарын қайтарып жатырмыз. Ең бастысы, айтқым келетіні, интернет-алаяқтықтың құрбаны болмау үшін өздеріңіздің жеке деректеріңізді ешкімге айтпай және де банк карточкасының CVV-кодын ешкімге айтпай, яғни үшінші тұлғаларға өзіңіздің парольдеріңізді, құпия сөздеріңізді жарияламау керек.