Енді елордалық оқушылар шетел ЖОО-ларына фаундейшнсыз, яғни дайындық курсынан өтпей түсе алады.
Бұл мүмкіндік Астанадағы №81 мектептің түлектеріне берілмек. Себебі бұл мекеме оқу бағдарламасына Халықаралық бакалавриаттың дипломдық бағдарламасын енгізген.
Мемлекеттік мектеп Astana English School бұған дейін MYP және PYP Халықаралық бакалавр бағдарламаларын жүзеге асырып келді. Бұл оқу үдерісін мемлекеттік стандарттармен қатар әлемдік талаптарға сай құруды қажет етті. Бүгінгі дәрежеге жету үшін ұжым он жылдай мақсатты түрде жұмыс істеген.
Тоғжан Картаева, № 81 "Astana English School" халықаралық мектебінің директоры:
- Мектебіміз бастауыш сыныптарға PYP және орта сыныптарға арналған MYP бағдарламаларын енгізіп, міне биылғы жылы ресми тексерістің оң нәтижесі арқасында толыққанды IВ әлемдік мектебі мәртебесін иелендік. Бұл жетістік әр педагоктың кәсіби ізденісі мен еңбегінің жемісі.
Ал нақты дипломдық бағдарламаны енгізуге екі жыл кеткен. Мектеп алдымен консультациялық кезеңнен өтіп, бірнеше сатыдан тұратын тексерісті еңсерді. Биыл сол еңбек ақталып, ІВ дипломдық бағдарламаны іске асыруға дайындығына жоғары баға алды.
Айбаршын Болатова, № 81 "Astana English School" халықаралық мектебі дипломдық бағдарлама координаторы:
- Барлық осы дипломдық бағдарламада сабақ беретін мұғалімдер арнайы халықаралық бакалавриат ұйымының курстарынан өтті. Олардың сертификаттарын иеленді. Одан кейін олар оқу бағдарламаларын жасады. Осы дипломдық бағдарламаға сәйкес. Апта сайын жүйелі түрде семинарлардан өтті. Және халықаралық бакалавриат ұйымы ұйымдастырған әр түрлі конференциялар мен семинарларға, вебинарларға қатысып отырды.
Мектепте мемлекеттік стандарттағы міндетті пәндерден бөлек, философия, ғылым, сыни ойлау сынды сабақтар өтеді. Бұл баланың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді дейді ұстаздар.
Ажар Искакова, № 81 "Astana English School" халықаралық мектебі директорының орынбасары:
- Сіздер кімдер үшін дайындап жатсыздар? Шетел үшін дайындап жатсыңдар ма деген сұрақ бар. Жоқ, өзіміздің университеттерге де түсе алады. Олар да білім ала алады. Фаундейшн оқымай, әрі қарай жалғастыра алады. Мысалы, Назарбаев университетіне. Одан кейінгісі шетелге барса да осы біліммен олар кез келген, 200-ден астам университет бар. Сол университеттер фаундейшнсіз оны қабылдай алады.
Мектеп түлектері арнайы жоба қорғайды. Ол ғылыми жұмыс бағаланып, қорытындысы бойынша халықаралық дәрежедегі диплом алады.
Серік Селеубайұлы, Өрден Жарқын