Current Date: 11-09-2025

Әйелдер күресінде бәсеке жоқ, Қазақстан чемпионатын оңай ұтады - Жәмилә Бақбергенова

Еркін күрестің 4 дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының 4 дүркін жүлдегері Жәмилә Бақбергенова еліміздегі әйелдер күресіндегі бәсекелестік туралы ойымен бөлісті .

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Спортшы Ақарыс Сейітқазыға берген сұхбатында балуан қыздардың ішкі біріншілікте оңай жеңіске жететін айтты.

“U17 салмақ дәрежесінде ізімізді басып келе жатқан, жақсы нәтиже көрсетіп жүрген қыздар бар. Бірақ, әйелдер күресіне деген қызығушылық та, ондағы адам саны да аз болғаннан кейін бәсеке де жоқ. Әйелдер күресінде балуан қыздардың санын көбейту керек. Қазақстан чемпионатының өзінде 1-2 қыз ғана шығады. Жартылай финалға немесе финалға шығатын қыздар ғана қиналатын шығар. Қалғаны қиналмай өтіп кетеді. Сөйтіп Қазақстан чемпионатын оңай ұтқанымен, халықаралық жарыста жеңіледі. Ұтыла беріп, “басқалар мықты, біз әлсіз екенбіз” деп күресті тастап кетеді. Ол егер Қазақстан чемпионатын қиналып ұтса, басқа жарыстарды да ұтады деп ойлаймын”, — дейді ол.

Сондай-ақ, Бақбергенова сұхбатта жеңілген сәттерде өзін алға жетелейтінін ойларымен де бөлісті.

”Біріншіден, ұтылғаныңа сен өзің кінәлісің. Екіншіден, ол — сенің сынағың. Соған дейін қанша жарыстарды ұтып, бір ұтылғаныңа бәріне ренжіп кетіп қаласың ба? Кімге ренжисің? Өзіңе ренжисің. Бірақ, лицензиялық жарыста ұтылғанымда кімге керекпін, кімге керек емеспін деген дүниеге көзім жетті. Ұтылған кезде шын жанашырларың іріктеліп қалады. Мен лицензиялық жарыстан ұтылғанымда 1 ай жаттығуға бармай, күйеуге шығамын, болды дегенмін. Кейін сыңарым Мадина “әлі ешқайсымыз Олимпиадаға барған жоқпыз, әлем чемпионатынан алтын алған жоқсың” деп жігерлендірді. Сөйтіп күресті қайтып бастадық”, — дейді ол.