Current Date: 11-09-2025

Әлемде ең көп таралған қатерлі ісік түрлері

Қатерлі ісік ғасыр дертіне айналды. Науқастар саны жылдан жылға артып барады және жастардың арасында да көбірек байқала бастады. Ғалымдар аурудың алдын алу жолдарын іздеп, тиімді шешімдер ұсынғанмен обырдың түбегейлі емі әлі табылған жоқ. Дегенмен қолға алған шаралар қандай?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ең жиі кездесетін қатерлі ісік түрі – өкпе обыры. Ресми мәлімет бойынша, әлемде жылына 2,5 миллион науқас тіркеледі. Бұл барлық онкологиялық аурулардың шамамен 13%-ы. Екінші орында сүт безі обыры, 2 миллион 300 мың жағдай. Одан кейін тоқ ішек обыры, жыл сайын 1 миллион 900 мың адамға диагноз қойылады. Төртінші және бесінші орындарда – қуық асты безі және асқазан обыры. Қатерлі ісікпен күрес XXI ғасырдың ең өзекті мәселелерінің бірі болып отыр, себебі ғасыр ортасына қарай мұндай науқастар саны 35 миллионға дейін өсуі мүмкін. Науқастардың көп бөлігі Африка, Азия, Орталық және Оңтүстік Америка елдерінде. Бұл аймақтарда денсаулық сақтау жүйесі ерте диагностикалау мен емдеуге қажетті ресурстармен жеткілікті қамтамасыз етілмеген.

Арықтатуға арналған дәрілер қатерлі ісік қаупін төмендетеді

Мамандардың айтуынша, артық салмақ кем дегенде 13 түрлі қатерлі ісік қаупін арттырады. Осыған байланысты арықтататын дәрілер онкологияның алдын алу шараларының бірі болуы мүмкін. Associated Press басылымының мәліметінше, израильдік ғалымдар ерекше зерттеу жүргізген. Тәжірибеге қатерлі ісікпен ешқашан ауырмаған, бірақ артық салмақпен күресіп жүрген 6 мың ерікті қатысты. Олар төрт жыл бойы қандағы қант деңгейін реттеп, тәбетті басатын дәрілер қабылдаған. Нәтижесінде қатерлі ісіктің даму қаупін 7%-ға төмендеткен. Ғалымдар мұны дәрілердің ағзадағы қабыну процесін азайтуымен байланыстырады. Мамандардың пікірінше, дәл осы қабыну көбіне қатерлі ісіктің өсуін бастайтын негізгі тетік болып табылады.

Жаяу жүру қатерлі ісіктің дамуын 16%-ға төмендетеді

Ал Ұлыбританияда қатерлі ісіктің алдын алудың басқа шаралары ұсынылуда. Оксфорд университетінің ғалымдары күнделікті жаяу жүрудің қатерлі ісік қаупін төмендететінін дәлелдеді. Зерттеуге 85 мыңнан астам адам қатысты. Олар қимыл-қозғалыс көлемі мен қарқынын өлшейтін белсенділік трекерін таққан. Мамандар бұл адамдарды алты жыл бақылап, күніне 7000 қадам жасалса, қатерлі ісік қаупін 11%-ға, ал 9000 қадам 16%-ға төмендетеді деген тұжырымға келген. Олардың айтуынша жаяу жүру қарқынының маңызы жоқ, бастысы – тұрақтылық пен ұзақтық. Бұдан бөлек ғалымдар әрбір алтыншы қатерлі ісік инфекциялардан болатынын айтты. Сондықтан дәрігерлер уақытылы медициналық тексеріс — аурудың алдын алатын басты қадам екенін еске салады.

Авторы: Әйгерім Ардаққызы