Current Date: 14-03-2025

Жастардың ғылымдағы үлесі 46%-ға жетті - Премьер-министр

Олжас Бектенов жас мамандарды ғылымға тарту үшін университеттердегі ғылыми зерттеулерді белсенді дамытуды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Айта кетейік, ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті салааралық үйлестіру мақсатында 2024 жылы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа Заң қабылданды.

Сонымен қатар бизнестің ғылымға инвестиция салуын ынталандыру үшін 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық жеңілдіктері енгізілген.

Ғалымдарды әлеуметтік қолдау бағытына ерекше көңіл бөлініп келеді. Премьер-министр жас мамандарды ғылыми ортаға тартудың маңыздылығын атап өтті.

«Ғылымның басым бағыттары бойынша іргелі зерттеулермен айналысатын ғалымдар тікелей қаржыландыруға ие болды. Жыл сайын 250-ден астам жас ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді. Докторантура бағдарламалары бойынша оқуға мүмкіндік беретін білім беру гранттарының саны артып келеді. Жастардың ғылымдағы үлесі айтарлықтай өсіп, бүгінде ол 46%-ды құрап отыр. Жастарды одан әрі ғылымға тарту үшін университеттердегі ғылыми зерттеулерді белсенді дамыту қажет», деді Олжас Бектенов.