Жетісу облысының полицейлері жол ережесін бұзатын жүргізушілерді дронмен анықтайтын болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, заманауи технологиялар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құралына айналып келеді. Сол жаңашылдықтардың бірі – патрульдік полиция қызметкерлерінің пилотсыз ұшу аппараттарын – дрондарды қолдануы.
«Патрульдік полиция батальонында дрондар белсенді түрде пайдаланылып жатыр, ал алғашқы нәтижелер бұл технологияның жоғары тиімділігін көрсетуде.
Дрондар полицияға жол қозғалысын жоғарыдан бақылауға, заңбұзушылықтарды жылдам анықтауға және экипаждардың жұмысын үйлестіруге мүмкіндік береді. Олар жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтаудан бастап басқа да бағыттарда қолданылады.
Мысалы қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге төтенше жағдайларда көмек көрсету. Дрондар жолда қалып қойған көліктерді, дөңгелегі жарылған немесе техникалық ақауы бар машиналарды биіктен жылдам анықтауға көмектеседі. Бұл дер кезінде жүргізушілерге көмектесуге мүмкіндік береді», — делінген ПД хабарламасында.
Сонымен қатар, тас жолдарда жиі туындайтын мәселелердің бірі, қараусыз жүрген ауыл шаруашылығы малдарының жолдарға шығып кету жағдайларын анықтап, алдын алу.
«Полиция қызметкерлерінің айтуынша, пилотсыз аппараттар төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын қысқартып, патрульдеу кезіндегі адами фактордың әсерін барынша азайтуға және жолдарда туындайтын түрлі мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді», — деп хабарлайды облыстық ПД.