Current Date: 14-03-2025

«Жетісу» қолда тұрған жеңістен айырылып қалды

«Жетісу» қолда тұрған жеңістен айырылып қалды . Өскеменде волейболдан әйелдер арасындағы ел біріншілігінің финалында талдықорғандық клуб жергілікті Берелмен екінші кездесуін өткізді.

Бірінші ойында сербиялық Марко Гршич жаттықтыратын Жетісу 3:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Олар осы ойынды ұтқан жағдайда чемпион атанатын еді. Алайда алаң иелері 3:1 есебімен қарымта қайтарды. Енді волейболдан әйелдер арасындағы ел чемпионы бүгін өтетін қосымша матч нәтижесі бойынша белгілі болады. Ал Қуаныш екінші жыл қатарынан қола жүлдегер атанды. Солтүстікқазақстандық клуб үшінші орын жүлдесін Түркістанның Тұранымен сарапқа салды. Азамат Есімов жаттықтыратын клуб осыған дейін 3:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Осы жолы да Қуаныш айқын басымдық көрсетті. Есеп 3:0. Осылайша солтүстікқазақстандық клуб өткен жылғы жетістігін қайталады. Ал былтырғы жылы ел чемпионы атанған «Тұран» жүлдесіз қалды.

Дуглас Жуниор ұлттық құрама сапына қосылды

Жарақатынан жазылған Жуниор бүгін Арменияға қарсы жасындай жарқырайын деп тұр. Иә, бүгін футзалдан 2026 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Қазақстан Армениямен кездеседі. Екі құрама алтыншы топта сынға түсіп жатыр. Қазір турнир кестесінде бес турдан кейін 13 ұпаймен Армения бірінші орында тұр. Екінші орындағы жерлестеріміздің еншісінде 10 ұпай бар. Бұл кездесуде жеңімпаз болған құрама құрлықтық доданың финалдық сатысына тікелей жолдама алады. Топтық кезеңде екінші орын алған құрама 2025 жылдың қыркүйек айында өтетін өтпелі ойындары арқылы жолдамаға таласады.

Айта кетейік, қазірге дейін Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде бес ойын өткізді. Алдымен Албанияны 2:0 есебімен жеңсе, одан кейін Армениямен 4:4 есебімен тең ойнады.Үшінші кездесуінде Даниядан 2:3 есебімен жеңіліп қалса, өз алаңында аталған қарсыласын 7:3 есебімен тізе бүктірді. Бесінші ойында Албаниядан 4:2 есебімен басым түсті.

Әли Әлиев құрама тізіміндегі 3 футболшыны алып тастады

Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері міндетін уақытша атқарушы 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы матчтарға шақырту алған ойыншылардың нақты тізімін жариялады. Тізімге 32 футболшы енді. Оқу-жаттығу жиыны бүгін Түркияның Анталия қаласында басталды. Шетелде өнер көрсететін ойыншылар ұлттық құрама сапына 17 наурызда қосылады. Әу баста кеңейтілген тізімде болған Әлібек Қасым, Оралхан Өміртаев, Артур Шушеначев алдағы ойынға шақырту алмады.

Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде наурыз айында сырт алаңда екі маңызды матч өткізеді. 22 наурызда Уэльспен кездессе, 25 наурызда құрамамыз Лихтенштейнге қарсы ойнайды.

Таеквондодан жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігі

Елордада таеквондодан жасөспірімдер арасында Қазақстан біріншілігі басталды. Айтулы жарыста 2011-2013 жылдары туған 814 спортшы 20 салмақ дәрежесі бойыншы өзара мықтыны анықтап жатыр. Біріншілікте топ жарған спортшылар арасынан Фуджейрада өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысатын құрама жасақталады.

Айта кетейік, елордадағы жарыс биыл бірінші рет салмақ дәрежесі бойынша өтіп жатыр. Бұған дейін спортшылар бой ұзындығы бойынша сынға түскен.

Нұрали Меңдіғали, жарысқа қатысушы:

- Жасөспірімдердің арасындағы чемпионаттар қазір боймен емес, салмақ дәрежесімен өлшенеді. Оның басты себебі – ол, әрине, Дүнижүзілік таеквандо федерациясының ережесінің ауысуы. Солардың бұйрығы бойынша биылғы Азия чемпионаты әлем чемпионаты мен жасөспірімдердің арасындағы чемпионаттардың барлығы салмақ дәрежесі бойынша өлшенеді.

Айзат Қарашашев, Қазақстандық таеквондо федерациясының вице-президенті:

- Мен Абай облысынан келдім. Мен жарысқа 33 келі салмағында қатысамын. Осы спортқа мен 4-5 жыл болды қатысқаныма. Сосын спортқа мені әкелген әке-шешеме және досыма үлкен рақмет. Өйткені менің досым кішкентай кезімде мені осы спортқа шақырды. Солардың арқасында мен осы жерде тұрмын.