Current Date: 14-03-2025

Сенатор: Жерлеу қызметі саласына мемлекеттік бақылау қажет

Елімізде жерлеу қызметтері саласына мемлекеттік бақылау қажет. Сенатор Андрей Лукин осылай деп Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады.

Ол марқұмдарды жер қойнына тапсыру қызметтері бағасында бассыздық көп деп отыр. Заңсыз жұмыс істейтін жерлеу бюролары, зираттарды күтіп-ұстау мен мемлекеттік бақылаудың жоқтығы мәселені күрделендіре түскен. Ал зираттарды жекеменшікке беру қоғамда алаңдаушылық туғызып, бағаның өсуіне әкеп соғуы мүмкін. Осының бәрін реттейтін арнайы заң жобасын әзірлеу қажет деді. Әрі жерлеу рәсіміне мемлекеттік цифрлық есеп жүргізу жүйесін құруды ұсынды. Яғни зираттар заңды түрде тек мемлекеттік меншік нысаны ретінде бекітілуі керек.

Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Марқұмдарды жерлеу рәсімдері бизнеске айналып кетпеуі қажет. Сондықтан бұл мәселені мемлекет жіті бақылауы керек. Зираттарға күтім жасау сапасы да нашар. Оны жекеменшікке беру дәстүрлі әдет-ғұрыптарға кері әсер етеді. Марқұмдарды жерлеу рәсімдерін реттеу және жерлеу ісінің құқықтық негіздерін айқындау мақсатында заң жобасын әзірлеген жөн деп санаймын.