Биыл 1 қаңтардан бастап елімізде «Мемлекеттік сатып алу туралы » Заң күшіне енгені мәлім. Сатыпалымның жаңа тәртібі жобаларды іске қосуды жеделдетіп, сыбайлас жемқорлықтың сын-қатерін азайту мен жергілікті бизнесті қолдауға бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мәселен, былтырғы кезеңде 860,3 млрд теңге сомасына 327 206 келісімшарт жасалған болса, осы жылдың 11 наурызындағы жағдай бойынша 2 727,6 млрд теңге сомасына 554 240 келісімшарт жасалды.
Бұған қоса рейтингті-балдық жүйені пайдалану арқылы конкурс жеңімпаздары 5-9 жұмыс күні ішінде анықталатын болған. Аталған әдіс жеңімпазды анықтау процесіне конкурстық комиссияның қатысуын қажет етпейді. Осы арқылы сыбайлас жемқорлық қатері азаяды.
Мысалы, Астанадағы №3 қалалық аурухананың бірнеше ғимаратын күрделі жөндеуіне байланысты сатыпалымды өткізуге небәрі 6 жұмыс күні жеткілікті болды. Келісімшарттың сомасы – 1,8 млрд теңге. Мердігер ұйым Астанада тіркелген. Күрделі жөндеуге байланысты жоба инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар аурухананы жаңа медициналық жабдықтармен жарақтандыруды да қамтиды, жалпы осындай мысалдар жеткілікті.
Тұтастай алғанда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың жаңа тәртібі конкурсты өткізу мерзімін қысқартып, қызмет көрсетушілерге сатыпалымға қатысуға теңдей мүмкіндіктер берді, сондай-ақ жергілікті компанияларды қажетті жұмыспен қамтамасыз етті.