АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық вискиге 50 пайыздық баж салығына жауап ретінде Еуропалық Одақтың алкоголь өнімдеріне 200 пайыздық баж салығын енгізетінін айтып сес көрсетті .
«Әлемдегі ең жауыз және қатыгез салық және тариф органдарының бірі Еуропалық Одақ вискиге 50% баж салығын енгізді. Егер бұл тариф дереу жойылмаса, АҚШ жақын арада Франциядан және ЕО-ға мүше басқа елдерден келетін барлық шарапқа, шампанға және спирттік ішімдіктерге 200% баж салығын енгізеді. Бұл АҚШ-тағы шарап бизнесі үшін өте тиімді болады», – деп жазды Дональд Трамп Truth Social-да.
Халықаралық сауда орталығының мәліметінше, АҚШ – еуропалық алкоголь өндірушілері үшін ең маңызды экспорттық бағыт. 2024 жылы Америка ЕО-дан 13,1 млрд еуроға алкогольдік сусындарды импорттады, – деп хабарлайды Euronews.
Оның 5,2 млрд еуросы шарапқа тиесілі, бұл ЕО-дан жалпы шарап экспортының шамамен 20%-ын құрайды.
АҚШ-қа еуропалық экспорттың жалпы көлемінің 22%-ын құрайтын 5,1 млрд еуро сомасына спирттік ішімдіктер экспортталды.
Штаттарға экспортталатын сыраның үлесі жоғары емес – 1,1 млрд еуро, сатылған жалпы көлемнің шамамен 12%-ы.
Атап өтілгендей, ЕО АҚШ-тың еуропалық металдарға енгізген баж салығына жауап ретінде 2018 жылы алғаш рет америкалық вискиге 25% баж салығын енгізді, бұл АҚШ-тың Еуропаға алкоголь экспортының күрт төмендеуіне әкелді. Бұл шара 2021 жылы тоқтатылды.