Current Date: 14-03-2025

Атыраулықтар Амалды халықтық мейрам ретінде атап өтуді дәстүрге айналдырды

Амалды атыраулықтар да халықтық мейрам ретінде атап өтуді дәстүрге айналдырды, деп хабарлайды 24kz.

Жылдар өтсе де, мән-мағынасын жоймаған мерекені мұнайлы өңір тұрғындары биыл да қуанышпен қарсы алды. Исатай-Махамбет атындағы алаңға жиналғандар көрісіп, жыл басы Амал мерекесімен бір-бірін құттықтап жатыр. Өнерпаздар ұйымдастырған сахналық қойылымға өңірдегі 16 этномәдени бірлестіктің өкілдері де атсалысуда. Олар қазақ халқына деген ақжарма тілегін арнады. Салтанатты шарада республикаға белгілі өнер иелері атырулықтарды құттықтап, әннен шашу шашты. Облыста Наурыз мерекесіне арналған мәдени-көпшілік шаралар 14 наурыздан басталып, 22 наурызға дейін ұласады.

Арман Әділғалиев, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы онкүндіктің аясында мәдени-көпшілік шаралар, қайырымдылық шаралары өтеді, ұлттық шара болғандықтан, оған қала және аудандар толық қамтылған. Жалпы Наурыз қарсаңында 300-ге тарта киіз үй құрамыз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Мәдениет басқармасының қолдауымен 6 күн бойы кешкі сағат 17:00-19:00 аралығында осы жерде концерттік бағдарлама ұйымдастырылатын болады.