Ұлттық академиялық кітапханада тарихшы-академик Кеңес Нұрпейісұлының 90 жылдығына орай «Дарабоз тарихшы» атты халықаралық дөңгелек үстел мәжілісі өтті.
Алқалы жиын тұлғаның тарих ғылымының дамуына, Алаш қозғалысы тарихын зерттеуге қосқан үлесін және оның өмірі мен қызмет жолын тереңірек таныстырып, насихаттауды мақсат етеді. Іс-шара аясында кітапханада «Кеңес Нұрпейісұлы – 90 жыл» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Рухани жиынға модераторлық еткен Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған ғалымның ХХ ғасырдағы Алаш тарихын зерттеуге қосқан үлесіне жан-жақты тоқталды.
Сондай-ақ Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Күміс Сейітова 2017 жылы кітапхана қорына қайраткердің туыстары жеке кітапханасынан 3 193 дана кітап сыйға тартқанын, барлық еңбегі электрондық катологке енгізілгенін айтып, дөңгелек үстел жұмысына сәттілік тіледі.
Онлайн және оффлайн форматындағы іс-шараны академиялық кітапхана Мемлекет тарихы институтымен берлесіп өткізгенін айта кеткен жөн.
Жиын барысында Алашорда үкіметінің қалыптасуы, тарихи жад және Кеңес Нұрпейісұлының ғылыми мұрасы, ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихын зерттеудегі қазіргі ұстанымдар тақырыптары кеңінен талқыланды. Дөңгелек үстелге онлайн қатысқан Қырғыз Республикасы Дипломатиялық академиясының вице-президенті Зайнидин Құрманов, Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры Замира Ишанходжаева, PhD Рафис Абасов және отандық ғалымдар саналы ғұмырын ұлт тарихына, Алаш қайраткерлерінің тұлғасын терең зерттеуге арнаған көрнекті ғалымның ғылыми және тұлғалық болмысына тоқталды.
Дөңгелек үстелге Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкерлері, жоғары оқу орындарының профессорлық оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар, студенттер, кітапханашылар мен БАҚ өкілдері қатысты.