Current Date: 18-03-2025

Бөлме түгел қан, жерде 3 түбір тіс жатты: 6 қабаттан құлаған келіншек туралы сұмдық ақпарат шықты

Алматы облысындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде 9 наурызда орын алған қайғылы оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Бұл туралы КТК хабарлады.

20 жастағы Ажар Тәуекелқызы алтыншы қабаттағы балконнан құлап, оқиға орнында көз жұмған. Куәгерлердің айтуынша, құлаған сәтті көршілері көріп, видеоға түсіріп алған. Осыған дейін, 8 наурыз күні сол пәтерден айқай-шу естілгені хабарланған.

Марқұмның ата-анасы бұл жағдайға байланысты полиция жұмысына наразылық білдіріп, істің әділ тергелуінталап етуде. Олар қыздарының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғауды сұрап отыр.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізуде. Ресми ақпараттар бойынша, тергеу нәтижелері кейінірек жарияланатын болады.

— Бір зат түскендей дүрс ете қалды. Қызым жүгіріп барып қараса, бір қыз жатыр, бюстгалтер, трикомен. ­Өліп қалған. Біз жедел дәрдем шақыр деп айқайладық. Сол кезде бір ер кісінің дауысы шықты, жылаған. Бір күн бұрын түнде айқай-шу, қонақтар болды. Боқтады бір-бірін, арақ ішкен. Бізге сондай дыбыс естілді.

Ажардың өліміне қатысты бір аптадан бері 105-бап, яғни өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бойынша тергеу жүріп жатыр. Бірақ марқұмның жақындары «өзі секіріп кетті» деген нұсқамен келіспейді. Себебі, мәйітті көрген кезде жағасын ұстап шошыған. Сол күні пәтерде күйеуі мен енесінен бөлек, тағы екі адамның болғанына сенімді. Тойлап, ішіп, араларында жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан дейді әкесі.

Тәуекел Жекебай, марқұмның әкесі:

— Кішкентай немеремнің киімін алуға қарындасым кірген. Қараса, қан, тіс жатқан. Кәдімгі үш түбірі бар тіс көрдім дейді. Балконнан төрге дейін аққан қанның ізі бар.

Ақшабек Жекебай, марқұмның туысы:

— Екі аяғы тілінген, өкше жағы. Иығы көгерген. Қолы көгерген. Басының артына сүйегі кіріп кеткен. Ал түскенде, жанымен түскен. «Асыл арманның» чатында балконнан екі адам төмен қарап тұрған. Сол видеоның бәрін өшіріп тастап отыр. Естуімше, жанындағы баланың ағасы опердің бастығы ма, Қаскелеңнің. Сол команда берген. Бәрі бір-бірін таниды.

Дәм-тұзы небәрі 20 жасында таусылған Ажар — үйінің үлкені. Отбасында жалғыз қыз. Осыдан үш жыл бұрын өзінің сыныптасына тұрмысқа шыққан. Содан бері таяқтан көз ашпады деп отыр жақындары. Тіпті екі рет үйіне қашып келген. Бірақ жары жалынып-жалбарынып қайта алып кетіпті.

Гүлжан Жақып, марқұмның анасы:

— Қызым бір күні жылап, сурет жіберді. «Мама, Надырбек мені сабады» деді. Біз соны естідік те, сол күні билет жазғызып, ертеңіне қызымызды алғызып алдық. Кінәлі адам — Надырбек күйеуі, оның енесі — Миуагүл, сол кезде соның үйінде болған досы — Әкежан, оның жанына ілесіп келген қыз — Айым. Осы төрт адам қызымды зорлық-зомбылықпен өлтіріп, балконнан лақтырып жіберген.

Жігіттің жасы 24-те. Анасымен бірге тұрады. Қарақалпақстаннан көшіп келген. Екеуінің де тұрақты жұмысы жоқ. Құрылыста жалданып жұмыс істеген. Қайғылы оқиғаға қатысты қазір полицейлер тергеу жүргізіп жатыр.

Меруерт Морякова, Алматы облысы ПД ресми өкілі:

— Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс тіркеді. Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етілмейді.

Марқұм Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде үшінші курста оқыпты. Қазақ тілінің мұғалімі боламын деп армандаған. Артында бір бір жастан асқан ұл қалды. Бала енді нағашыларының қолында өседі. Өйткені күйеу баланың құжаты да болмай, кезінде бала нағашы атасының атына жазылған екен. Мына жағдайдан кейін енді оларды мүлдем көрмесі анық.

фото: ашықдереккөз