Біріккен Араб әмірліктері жергілікті және шетелдік блогерлерге қойылатын талапты қатаңдатты. Таяуда енгізілген өзгерістер бойынша, олар жылдық кірісінің 9 пайыз мөлшерін корпоративтік салық ретінде бюджетке төлеуге тиіс. Мұнымен қоса елде инфлюенсерлік қызметпен айналысатындар лицензия алуға міндетті.
Әмірліктерде осы күні инфлюенсерлер кеңістігі тұрақты дамып келеді. Салаға кейінгі жылдары өзгерістер көптеп енгізіліп жатыр. Дерекке сай елде 25 мың блогер немесе контент мейкер тіркелген. Әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары шамамен бірнеше миллиондық аудиторияға жұмыс істейді. Бұл 2023 жылғы мәлімет. Сол сәттен бері үкімет нарық қатысушыларын жіті бақылауды қолға алды. Қатаң реттеу шараларының бірі ретінде арнайы лицензия алу тәртібін айтуға болады. Аталған құжатты Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық медиа кеңесі береді. Бұл мекеме негізінен елдегі шетелдік журналистердің қызметін реттейді. Аккредитацияға өтініштерді қабылдап, ақылы түрде арнайы рұқсат қағазын ұсынады. 2 жылға уақыттан бері ұлттық медиа кеңес инфлюенсерлік қызметті де бақылай бастады. Лицензия құны ресми сайтта белгіленген. Бұл құжатсыз әмірлікте блогерлік кәсіппен айналысу заңсыз саналады. Айыппұл мөлшері 5 мың дирхам немесе 700 мың теңгені құрауы мүмкін. Жалпы Дубай және Абу Дабиде кейінгі кезде блогерлік қызмет кәдуілгі бизнеспен теңестіріліп отыр. Себебі миллиондық аудиторияға жұмыс істейтін инфлюенсерлерге мұнда ірі компания және бренд иелерінен әріптестік жөнінде ұсыныстар жиі жасалады. Осыны ескерген үкімет аталған сала өкілдеріне корпоративтік салық түрін енгізді. Оның мөлшері 9 пайыз. Яғни жылдық кіріс 375 мың дирхам, төл ақшамызға шаққанда 50 млн теңгеден асса блогерлер салық органдарынан хабарлама алады. Жаңашылдықтың енгізілгеніне 2 жылға жуықтады. Содан бері жоғарыда көрсетілген талаптарға қарсы шыққандар кездеспеді. Заң және талап барлығына бірдей. Ескере кететін жайт, әмірліктерге шетелден келетін белсенді әлеуметтік желі қолданушылары жергілікті мекемемен кәсіпкерлік келісім жасасып, табыс табатын мүмкіндік алса салық төлеуге міндетті. Бұл талапты көбі ескере бермейді. Сондықтан салық саласының мамандары осы өзгерістерді назардан тыс қалдырмағанды жөн санайды.