Шығыс Қазақстанда көп ұзамай күн күрт жылынуы мүмкін. Сондықтан тасқынның алдын алуға дайындық шаралары күшейді , деп хабарлайды 24kz.
Әсіресе, Алтай ауданы басты назарда. Себебі таулы аймақта қар қалың. Кейбір жерде 1 метрден асады. Сайда жатқан ауыл да көп. Қазір арықтарды кеңейтіп, су өткізу құбырларын тазалауға әскерилер жұмылдырылды. Іргедегі Бұқтырманың деңгейі де бақылауда. Су қоймасында мұз жиналмас үшін бес рет жарылыс жасады. Сіресіп жатқан мұзды ұсақтап, ағысқа жол ашу шаралары осы айдың соңына дейін жалғасады.
Нұрболат Өтеев, облыстық ТЖД маманы:
- Шығыс Қазақстан облысы аумағында өзендерде мұз кептелісі болуы мүмкін 19 учаске анықталды. Қазіргі таңда алты учаскеде жарылыс жұмыстары жүргізілді. Жалпы көлемі 64 мың текше метрді құрайды. Бұл жұмыстар көктемгі су тасқыны кезеңіндегі мұз кептелістерінің аллын алу бойынша жүргізіледі.