Талдықорғандағы «Асар» мүгедектерге арналған спорттық-оңалту орталығы көпке мәлім. Оған республиканың түкпір-түкпірінен ем іздеп келушілер көп. Әлеуметтік орталық мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын ескере отырып, мүгедектерге көшпелі оңалту шараларын жүргізуді қолға алған. Жоба аясында мамандар емделушілердің үйіне барып, уақытына сай қызмет көрсетеді.
Білікті сала мамандары тағдырдың тауқыметін тартқан жандармен түнгі уақытта да жұмыс істейді. Әлеуметтік жобаның маңыздылығы да сол. Ем-шаралар әдеттегідей «Асар» мүгедектерге арналған спорттық-оңалту орталығының базасында өтеді. Игілікті іске облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мұрындық болған. «Асар» орталығының директоры Елдос Баялышбаевтың айтуынша, жоба орталыққа өздігінен келе алмайтындар үшін аса пайдалы.
«Біз жұмыс барысында мүгедектігі бар адамдардың көпшілігіне оңалту орталығына келудің қиындық туғызатынын байқадық. Күндізгі уақытта кейбіреулер жұмыста болса, кейбіріне үйлерінен орталыққа жету оңай емес. Сондықтан осы көшпелі оңалту жобасын қолға алдық. Маңызды бастамамызға облыс басшылығы қолдау білдірді», деді Е.Баялышбаев.
Жалпы, бағдарламада пациенттердің екі тобы қамтылған. Атап айтқанда, күндізгі шаралар өздігінен қозғала алмайтын азаматтарға бағытталып отыр. Сағат 21-ден 23-ке дейін түнгі топ жұмыс істейді. Бұл уақыт аралығында күндіз жұмыста болатындықтан орталыққа келе алмайтын мүгедек азаматтарға ем-шаралары жүргізіледі. Жобаның ерекшелігі сол, мамандар пациенттердің үйіне барып, оларға сауықтыру массажы мен емдік жаттығулар жасатады. Әр сеанс шамамен бір сағатты алады, әр пациентпен жеке жұмыс жүргізіледі. Көшпелі бригада құрамында массажист, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы мен жүргізуші бар. Бұл ретте мамандардың жұмысына қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы таңбаланған автокөлік сатып алынған. Талдықорғандық отбасылар көшпелі оңалту шараларының игілігін алғашқылардың бірі болып көрді.
«Зайыбым Анар 11 жыл бұрын инсульт алды. Үшінші қабатта тұрамыз, арнайы көтергіш жоқ болғандықтан, сыртқа шығу, оңалту орталығына бару қиындық туғызады. Қазір үйімізге келіп, оңалту қызметін көрсетіп жатыр. Бұл бізге өте қолайлы. Мамандардың тиісті ем-шараларын жасап жатқанына он күндей болды. Осы бастаманы іске асырып жатқан азаматтарға алғыс айтамыз», деді А.Басшығұлованың жұбайы Қанат Қосуханов.
Талдықорған қаласында орналасқан орталықта негізінен омыртқаның түрлі жарақатынан, инсульттан, балалардың церебральды салдығы, І-ІІІ топтағы мүгедектіктен кейін оңалту жүргізіледі. Мемлекеттік тапсырыс арқылы облыстық бюджеттен халықтың жоғарыда аталған топтарындағыларға осы орталықта тегін негізде оңалту қызметтерін көрсету үшін 80 млн теңге бөлінген. Жылына 400-ге дейін адам қабылдайды. Мұнда адамның қайтадан аяғынан тік тұруына көмектесетін әлемнің түрлі елінен әкелінген заманауи жабдықтар орнатылған.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, жоба – тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыруға жасалған игі шараның бірі. Жыл соңына дейін осындай қызмет түрімен 200-ден астам адамды қамту жоспарланған. Алдағы уақытта көшпелі оңалту тобы облыс орталығы маңындағы аудандарға да шықпақшы. Жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 30 млн теңге бөлінген. Қаражат жобаға тартылған мамандарға, яғни көлік жүргізуші, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы мен массажист маманның жалақысына жұмсалады.
«Спорттық-оңалту орталығының жоғары технологиялық жабдықтары ерекше. Мысалы, испандық экзоскелет адамға қайтадан жүруді үйренуге көмектеседі. «Бұл салмағы небәрі 17 кг болатын модель, ресейлік өндіріс моделінің салмағы – 46 кг. Елімізде мұндай модель жоқ, бұл үлгі қозғалыс датчиктерінің функциясына ие. Тренажердің құны шамамен 107 млн теңге», деп түсіндірді орталық директоры.
Заманауи емдеу жабдықтарының тағы бірі – «Луна» көпфункционалды роботтанған оңалту жүйесі. Ерекше тренажер неврологиялық, ортопедиялық патологиясы бар, бастан өткерген жарақаттары мен ауруларына байланысты қозғалыс бұзылыстары бар науқастарды емдейді. «Асар» орталығында АҚШ, Жапония, Германия, Италия, Ұлыбритания, Испания, Польшадан әкелінген ересектер мен балаларды оңалтуға арналған 30-дан астам тренажер мен арнайы жабдықтар бар.
Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыста мүгедек жандарға арналған ғимараттарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 69%-ды құрап отыр. Бұл – республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш. Биыл мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің шамамен 195 нысанын бейімдеу жоспарда бар. Облыс көлемінде қазір инватакси саны 32-ге жетті.
Жетісу облысы