Бүгін Наурызнама бойынша Жаңару күні!
Таңмен таласа тұрған Түркістандықтар ағаш көшетін егуге кірісіп кетті. «Жаңару күніне» орай тал егу жұмыстары қаладағы «Жібек Жолы» саябағы мен «Қылует» мешіті маңы, Шекті Тілеу көшесінің бойы мен Төлеби саябағында жүргізіліп жатыр.
«Жаңару күнін» Түркістан жұрты қалай қарсы алды? Ағаш егу жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Жандос Жұмабек, тілші:
- Біз қазір қаладағы «Жібек жолы» саябағындамыз. Мұнда таңғы 8-ден бері ағаш егу жұмыстарына мыңға жуық адам жұмылдырылды. Олардың арасында қарапайым қала тұрғындарынан бастап, еріктілер, коммуналдық, бюджеттік сала және мемлекеттік қызметкерлер, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері бар.
Табиғат жанашырлары Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қаланың ең көрікті жеріне қарағай, шырша секілді қылқан жапырақты ағаштар мен терек, үйеңкі көшетін егіп жатыр. Түске дейін саябақ аумағында 3 мыңға жуық көшет сап түзейді деп күтілуде. Оңтүстікте көктем ерте шығатындықтан Наурыз айында тіршілік жаңарып, табиғат ана ұйқысынан оянады. Сондықтан мамандар дәл осы уақытта көшет егудің пайдасы зор екенін айтады. Ағаш егу тек табиғатқа ғана емес, қоршаған ортаның тазарып, экологиялық жағдайдың жақсаруына да өз септігін тигізеді. Ауадағы көмірқышқыл газы азайып, оттегі көбейеді. Нәтижесінде қала тұрғындары таза ауамен тыныстайды. Қазір менің қасымда Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болысбек Шәріпбеков мызра тұр. Болысбек Әбдібекұлы биыл өңірде қанша ағаш егіледі? Жалпы Түркістанның жазы ыстық, кез келген ағаш көктей бермеді. Қандай ағаш түрлеріне басымдық беріп отырсыздар?
Болысбек Шәріпбеков, Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
- Бүгінгі «Жаңару күніне» орай қазір қаланың бірнеше аумағында ағаш егу жұмыстары жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, бүгін Түркістан қаласының өзінде он мың түп ағаш көшеті егілмек. Бұдан бөлек облыс аумағындағы аудан-қалаларда да жаппай көшет егілуде. Президенттің тапсырмасына орай биыл тал егу жұмыстары тұрғындар арасында да кеңінен насихатталуда. Әр адам, ұжым мен ұйымдар өздерінің аумақтарында көгалдандыру жұмыстарын атқаруға міндеттелді. Бұл үрдіс өңірдегі барлық ауылдарда жалғасын таппақ. Мамандар бұл бастама тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаға деген көзқарасты өзгертуге сеп болатынын айтады.