Current Date: 19-03-2025

Балаларға арналған біртұтас бағдарлама қабылданады

Елордада балаларды психологиялық қолдау орталығы ашылғалы бері 1600-ден астам адамға кеңес берілді.

Оның біразы тұрмыстық зорлық-зомбылық және буллинг мәселелеріне қатысты. Балалардың құқығын қорғау шараларын күшейту бағытында енді біртұтас бағдарлама қабылданады. Депутаттардың айтуынша, онда заң мен тәртіптен бөлек, білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері де қаралмақ.

Астанадағы психологиялық қолдау орталығы былтыр жаздан бері жұмыс істеп тұр. Мұнда 50 штат бекітілген. Мамандардың айтуынша, психологиялық көмекке жүгіндердің көбі буллинг пен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған. Кейбірі суицидке де оқталған көрінеді. Оларға психологтар кешенді түрде көмек көрсетіп жатыр.

Гүлмира Капанова, психологиялық қолдау орталығының басшысы:

- Тек қана жертва емес, буллермен де жұмыс істеу керек. Қазіргі кезде 1654 кеңес берілді ашылғалы бері. Балаларға отбасымен тек бір ғана консультация емес, кешенді жұмыс жүргіземіз. 5-тен 12-ге дейін консультация болады. 3 ай, 4 ай, кейбір кездері 5 ай бойы сүйемелдеу жүргізіледі.

Елдің барлық өңірінде дәл осындай орталықтар ашылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес туралы заң қабылданды. Дегенмен кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұр. Мемлекет басшысы ұлттық құрылтайда тиісті шараларды бір арнаға тоғыстыру қажет екенін атап өтті.

ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысынан шет қалып отыр. Оның үстіне осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай, «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн.

Бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылса, ұрпақ тәрбиесінде жүйелі ұстаным болған жоқ. Сондықтан бұл өте маңызды құжат болмақ, деді Президент. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік педагогтардың жұмысын жетілдіруден бастап, кейбір министрліктердің құзыретіне байланысты заңдарды біріктіру мәселесі қаралатынын жеткізді.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз бұған дейін әлеуметтік педагог, әлеуметтік қызметкер секілді өзекті проблемаларды шешуге қатысты ойлар айтып жүргенбіз, айлық жалақысына байланысты. Менің ойымша, осы мәселені қайтадан қарастыруға тура келеді. Бала құқығын қорғау туралы комитет бар және кейбір заңдар денсаулық сақтау министрлігіне байланысты, сонымен қатар білім министрлігіне де байланысты шашыраңқы. Оның барлығының басын біріктіру қажет болады.

Сонымен қатар мектептерде «Адал азамат» бағдарламасы қолға алынды. Жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді және жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Алдағы уақытта оны жекеменшік мектептер де басшылыққа алуы тиіс.

Еркебұлан Смадияров, Артур Горшняков, Ақылбек Есімсейіт