Current Date: 19-03-2025

Қазыбек Иса: Жаңа дәуірдің жаңғырған өзгерістері үшін бәріміз үлес қосуымыз керек

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың және ел дамуындағы жаңа өзгерістердің маңыздылығына тоқталды.

Депутаттың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан реформалары үш жылдың ішінде ел өміріне үлкен серпін берді. Ата заңға түзетулер енгізілді, Парламенттің өкілеттігі күшейді, Конституциялық сот құрылды. Ауыл әкімдерін сайлау жүйесі жаңарып, халықтың сенімі артты. Мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер құны 2 триллион теңгеден асты. Ол Әділетті Қазақстан қағидатының негізгі тірегі – заң мен тәртіп екенін атап өтті.

«Әділетті Қазақстанның бәріне бірдей «Заң мен тәртіп» қағидаты болмаса, бұлардың бірі де болмас еді. Дәл осы принцип Президенттің басты жеңісі деп білемін. Ұлттық қордан балалар болашағы үшін қаржы салуды алдымен өздерінің жеке байлықтарын көбейтуді ойлаған бұрынғы билік ешқашан болуы мүмкін еместей көрсететін. Ал қазір бәрі де мүмкін болып, әр баланың есепшотына алғашқы салымдар түсіп жатыр», – деді Қ.Иса.

Сонымен қатар депутат ұлттық дамудың негізі — ұлттық идеология екеніне назар аударды. Мемлекет басшысының ішкі саясат тұжырымдамасын жасау жөніндегі тапсырмасы ұлттық идеологияның жаңа кезеңі екенін жеткізді. Ұлттық бірегейліктің негізі – мемлекеттік тіл екенін еске салды.

Қазыбек Иса Конституцияға енгізілген өзгерістердің ішінде «Жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі» деген қағиданың тарихи маңызын атап өтті.

Сондай-ақ депутат жаңадан құрылған Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының дамуға серпін бергеніне мән берді. Президенттің Торғай өңірін дамыту бастамасы мен Астанадан Арқалық арқылы Транскаспий дәлізіне шығатын автожол құрылысы туралы шешімін қолдайтынын жеткізді.

«Елімізді Жаңа дәуірге бастайтын салиқалы саяси реформа, ұлттық бірлік пен ынтымақ үшін бәріміз өз үлесімізді қосуымыз керек. Ол үшін Президенттің жанында антына адал, ісіне мығым азаматтардың топтасуы қажет», – деді Қ.Иса.