Current Date: 19-03-2025

Қостанай облысында төрт түлікті эвакуациялау жүріп жатыр

Өңірде көктемгі су тасқыны кезеңінде ауылшаруашылық шығындарының алдын алу және төрт түліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында эвакуациялау орындарының картасы әзірленді .

Аталған картада қауіпсіз тұрақтардың орны, малдың саны мен көшу бағыттары көрсетілген.

Ақпараттық штабтың мәліметінше, Арқалық қаласына қарасты Екідің, Қайыңды, Әбдіғапар хан және Жалғызтал елді мекендеріндегі 14 шаруа қожалығының малы қауіпсіз жерлерге көшірілген. Амангелді ауданында 77 қожалыққа қарасты 43 қыстақтан, Үрпек, Қабырға және Құмкешу ауылдары тұрғындарының малы қауіпсіз аймаққа шығарылды. Қалған 34 қожалықтың малы 20 наурызға дейін көшіріледі.

Н.Құлабай

Жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД өкілдері тарапынан мал иелеріне жағдайды түсіндіру, мал тұрағына арналған уақытша орындарды дайындау, жем-шөп қорымен қамтамасыз ету сияқты кешенді дайындық жұмыстары атқарылған.

Сондай-ақ, Жангелдин ауданында да су тасқыны қаупі бар аймақтар жіті зерттелген. Қауіпті аймақта орналасқан 41 шаруа қожалығы анықталып, бұл жөнінде жергілікті тұрғындарға ақпарат берілген. Аталған ауданда бүгінге дейін 13 қожалықтың малы қауіпсіз жерге көшірілді.

Қостанай облысы