0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Таразда тозығы жеткен тарихи қамал құлап қалды. «Төрткүл» керуен сарайы еліміз бойынша ашық даладағы жалғыз музей-қамал саналады. Бірегей нысанның бір қабырғасы опырылып, қалған бөлігі қаусап тұр. Ал айналасында жеке тұрғын үйлер жапсарлас салынғандықтан тұрғындар үйіндісі үйімізге құлай ма, деп үрейленіп отыр. Данияр Әлімқұл толықтырады.
XI ғасырда Ұлы Жібек жолы бойында саудагерлер аялдаған керуен сарайдың қазіргі қалпы осы. Қабырғасы құлап, бес метр биіктен топырағы төгіліп тұр. Көпшілік көне нысанның басқа бөлігі баспаналарына жақын тұрғандықтан бір күні басып қала ма, деп қорқады.
Қайрат Тәженов, қала тұрғыны:
Елге қауіпті болып тұр қазіргі жағдайда. Бұл құлағаны бірінші рет емес, алдында да құлаған. Су ағарларын да дұрыс емес істеген. Одан кейін міне мына жерде халық өтеді. Тротуарды қарасаңыздар кішкентай ғана, мына жағы жол. Мына жерде апат болып құласа адамдар қайда қашады?
15 жыл бұрын қамалдың қабырғалары қайта жаңғыртылып, жұмысына 70 млн теңге жұмсалып, ашық аспан астындағы музейге айналған еді. Талап бойынша тарихи нысан әр бес жыл сайын жаңғыртудан өтуі тиіс. Сондықтан 2020 жылы 110 млн теңге қаралған. Бірақ әкімдік бөлінген қаржыны кері қайтарып алған.
Сауран Қалиев, Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры:
Жаңғырту жұмыстары жүргізілген жоқ. Мемлекеттің күтімі мен қарауынсыз қалған, елеусіз, ескерусіз қалған ескерткіш ол – мүгедек ескерткіш болып есептеледі, мүмкіндігі шектеулі ескерткіш болады. Міне дәл қазіргі ескерткіш дәл сондай күйде тұр.
Мәдениет басқармасы мамандары қамалды қалпына келтіру туралы дабыл қаққанымен нәтиже болмады. Ал былтыр тарихи бекініс Тараз әкімдігінің теңгеріміне өтті. Шаһар шенділері нысан 90%-ға тозып тұр, дейді.
Нұрсұлтан Исабеков, қала әкімінің орынбасары:
Сметалық құны 417 млн теңгені құрап отыр. Бұл биыл жылдың соңына дейін жабық тұрады. Себебі біз былтыр теңгерімге алғанда осы ғимараттың тозу деңгейін анықтаған болатынбыз.
Қала әкімдігі қираған қамалды екі айдан кейін жаңғыртуға кіріспек. Реконструкциялық жұмыстар жыл аяғына дейін жалғасуы мүмкін.
Данияр Әлімқұл