Current Date: 20-03-2025

Бүгін Тұманбай Молдағалиевтің туғанына 90 жыл толды

Бүгін «Тұма жырдың Тұманбайы» атанған аса көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтің туғанына 90 жыл.

Кіршіксіз таза, мөлдіреген жырларын әдеби орта да, оқырмандары да жоғары бағалаған ақынның әдебиеттегі орны бөлек. Ақынның поэзиясы өз алдына, әнге айналған өлеңдері әлі де сахнадан түспеген.

Тұманбай Молдағалиевтің өлең өмірі осылай басталды. Оның шығармашылығы жайлы сөз қозғалса, жып-жылы естеліктер айтылатыны тегін емес. «Өйткені ақын махабатты, сезімді, сағынышты, адам бойында қандай жақсы қасиеттер бар соның бәрін өлеңге айналдырды», — дейді артынан ерген қаламдас інілері.

Ұлықбек Есдәулет, ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

- Италия сапарынан, Венеция сапарынан жазған өлеңдері ол кісінің құлашының кеңдігін көрсеткен бір замандарда. Өткен ғасырда жазылғанымен бүгін жазылғандай болып оқылатын өлеңдері ол кісінің поэзиясының өміршеңдегін көрсетеді.

Тұмағаңның әнге айналған өлеңдері өз алдына бір төбе. Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев сынды біртуар таланттармен бірге жазған әндері алтын қордағы аса құнды олжа. «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің», «Жан досым», «Құстар қайтып барады» әндерін кейінгі буын әншілер де орындап жүр.

Ержан Белғозиев, әнші, сазгер:

- Жүзге жуық ән жаздық. Соның ішінде бір 30-дан астам романс, қалғаны лирикалық әндер. Біразын, 10%-і болар, мен кітаптан алдым сөзін. Қалған 90%-ін маған менің әніме қарап жазып берді. Бірнеше рет тыңдайды, он рет па, он бес рет айтып беремін гитарамен, сөзсіз әнімді. Сол қағаз бен қаламын алады да, бір сөзін өшірмей жазады да, алдыма тастай салады ғой. Өзгертпейді. Бір сөзін сызып редактировать етпейді.

Тұмаға өмірінің соңына дейін қаламын қолынан тастаған жоқ. Өмірден өтер шағында да жаңа жинағын баспаға дайындап жүрген екен. Одан бөлек өзі жанындай жақсы көрген кішкентай оқырмандарына қалтқысыз қызмет етті.

Дүйсен Мағлұмов, «Мұқағали» журналының бас редакторы:

- 1986 жылдан бастап осы өмірінің соңына дейін «Балдырған» журналының бас редакторы болып балалар әдебиетіне, балалар поэзиясына көп еңбек сіңірді. «Балдырған» журналы арқылы балалар әдебиетіне көптеген ақын-жазушылардың келуіне , «Балдырған журналында балалар әдебиетіне қатысты жанрлардың даумына өте көп үлес қосқан адам.

Тұманбай Молдағалиевтің ақ қағаз бен қаламына адалдығы оның жары Күлтай апаға деген адалдығымен астасады. Азаматын ардақтаған Күлтай апа туралы әңгімеге арқау болар мысал көп. Ал, Тұмағаның жарына жазған өлеңі бір томға жүк.

Күлтай Молдағалиева, Т.Молдағалиаевтің жары:

- Таныстық, табыстық, ұзақ өмір сүрдік, балалар көрдік. Жаман тұрғанымыз жоқ, жақсы өмір сүрдік деп ойлаймын, бір-бірімізді сыйлап өттік. Осындай тойларда оның өзі болып, мына жерде жарқылдап ортамызда отырса маған да, бүкіл жиналып отырған қауымға, әрине, дұрыс болар еді. Тек қана өкініштісі сол.

Тұмағаң сыршыл, суретке толы өлеңдерімен мәңгі жасайтыны анық. Ақынның өзі айтқандай, жыры оны ешқашан өлтірмейді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов