Current Date: 20-03-2025

Түркістанда 2,5 тонна наурыз көже дайындалды

Наурыздың сәні – наурыз көже. Түркістанда Ұлыстың ұлы күні мен туризм маусымының ашылуына орай 2,5 тонна наурыз көже дайындалды, деп хабарлайды 24kz.

Аспаздық өнер мен ұлттық тағамдарды дәріптеу мақсатында әзірленген асқа 250 келі ет пен 1 тонна дәнді дақыл қосылған. Ұлттық тағамды әзірлеушілердің айтуынша, 2,5 тонна көжені дайындауға 24 сағат кетіпті.

Оны сыйымдылығы 250-300 литрлік 12 қазанға пісірген.

«Негізі наурыз көже жеті түрлі дәмнен жасалады. Біз бірақ дәмі ерекше болуы үшін сегізінші дәм ретінде құрт малтасын қостық», - дейді аспаздар. Наурыз көженің жарты литрі қала тұрғындары мен қонақтарына 150 теңгеден сатылды. Ұйымдастырушылар жиналған қаражат балалар үйіне қайырымдылық ретінде берілетінін айтады. Бірақ соған қарамастан береке мен молшылықтың символына айналған ұлттық тағамнан дәм татқысы келетіндердің санында есеп жоқ. «Керуен Сарай» кешенінің іші иін тірескен халыққа лық толды.

Бекзат Саметов, Сайрам ауданының тұрғыны:

- Соны ести салып, бала-шағамызбен келдік. Дәмі өте керемет екен. Ерекшелігі ішіне қазы, ет қосылған. Жақсы деңгейде дайындапты. Ақ мол болсын. Осы дәстүр жылдан-жылға жалғаса берсін.

Айгерім Наматова, ұйымдастырушы:

- 2,5 тонна наурыз көжені әзірлеу – ұйықтамауың бар, еңбегің бар оңай емес. Біз бірақ мұны махаббат пен сүйіспеншілікпен және осыншама тарихы сәтке өз үлесімізді қосып жатыр деген қуанышпен жасағандықтан біз қатты қиналмадық.