Current Date: 21-03-2025

Қазақстандықтардың таралып кеткен дербес деректерінің тізімі құрылады

Қазақстанда куәліктің көшірмесін жасауға заңмен тыйым салынған.

Қағаз көшірмені жинайтын субъектілерге де айыппұл түріндегі жаза қарастырылады. Бұл туралы цифрлық даму министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов мәлімдеді. Бүгінде жеке мәліметтерді таратуға қатысты салынатын айыппұл мөлшері 2-3 есе ұлғайды. Бұрын 10 айлық есептік көрсеткіштен мың айлық есептік көрсеткішке дейін жететін. Қазір Әкімшілік кодекске енгізілген түзетулерге сәйкес, 30-дан екі мың айлық есептік көрсеткішке дейін салынатын болды. Сонымен бірге қазақстандықтардың таралып кеткен дербес деректерінің тізімі құрылады. Сөйтіп, азаматтар аты-жөні, телефон номері, немесе электронды поштасы сияқты мәліметті енгізу арқылы жеке деректерінің қайсысы өзгелерге қолжетімді екенін білетін болады. Жүйе осы деректерінің қайсысы ғаламға тарап кеткенін көрсетеді.

Руслан Әбдіқалықов, ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы:

- Бұл ең алдымен бізге, яғни реттеуші органға керек. Осылай халықты алдын ала ескертіп, жеке мәліметінің таралып кеткені жайлы ақпараттандыра аламыз. Екіншіден, азаматтарымыз дербес деректері қаншалықты таралғанынан хабардар болады. Егер кімде кім хабарласып, осы мәліметтерді айтар болса, ондайларға сенудің қажет жоқ екенін түсінеді. Осылай алаяқтардың құрығына түспеуге амал жасай алады.