Павлодар облысы Ақсу ауданы Қызылжар ауылында өткен бәйгеде 16 жастағы шабандоз аттан құлап, жарақат алды. Жасөспірім ауруханаға жеткізіліп, оған жедел операция жасалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
IrbisTV тілшісінің хабарлауынша, Қызылжар ауылында өткен Құнан бәйге кезінде 16 жастағы жасөспірім мінген жылқы үркіп, жарық бағанына соқтығысқан. Салдарынан бозбала құлап, жарақат алған. Ол шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
"2008 жылы туған бала бас-ми жарақатымен келіп түсті. Оған ота жасалып, бірқатар емдеу шарасы жүргізілді. Қазір оның жағдайы бірқалыпты, дәрігерлердің тұрақты бақылауында", — деп хабарлады Ақсу әкімдігінің баспасөз қызметі.
Осы оқиғадан кейін полиция департаменті оқиғаға себеп болған жағдайларды жоюды талап етіп, жергілікті атқарушы органға ұсыныс жолдаған.