Current Date: 25-03-2025

Ұландықтар еңбек ардагерлерінің ауласын тазалады

Тазару күнінде Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімдігі мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері де еңбек ардагерлерінің аулаларын қардан тазартты, деп хабарлайды 24kz.

Ұландық сарбаздар Наурыз мерекесін атап өтуде ерекше белсенділік танытты. Жауынгерлер ұлттық дәстүрлерді жаңғыртып, ұлықтауға өз үлестерін қосты. «Наурызнама» онкүндігі ұлттық экологиялық науқанмен түйінделеді.

Галина Корейба, еңбек ардагері:

- Күн жылынған сайын қыста жиналған қар еріп, үйімді су басады деп алаңдап жүр едім. Бірақ сарбаздар ауланы жылдам әрі мұқият тазалап берді. Осындай мейірімді, қайратты және көмекке әрдайым дайын азаматтарды тәрбиелеген ата-аналарына алғыс айтамын. Сондай-ақ Сарыарқа ауданы әкімдігі мен Ұлттық ұлан басшылығына ризашылығымды білдіремін.

Әділ Русланұлы, 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшісі:

- Біз бүгін еңбек ардагерлеріне алғысымызды айтып, аулаларын қардан тазартып, жинауға келдік. Олар елдің әл-ауқатын арттыру жолында ұзақ жылдар бойы тер төкті. Сондықтан көмектесу біздің міндетіміз деп білемін. Алдағы уақытта да мұндай шараларды жалғастырамыз.