Current Date: 26-03-2025

Петропавлда 29 шақырым бөгет салынды

Петропавлда биыл салынған бөгеттерді бекіту жұмыстары осы аптаның соңында аяқталады, деп хабарлайды 24KZ. Қазір олар темірбетонды плиталармен күшейтіп жатыр. Өз кезегінде синоптиктер Есіл өзенінің деңгейі төмендегенін мәлімдеді.

Биылғы көктем Солтүстік Қазақстан облысына ерте келді. Қардың басым бөлігі еріп, өзен-көлдерге қосылды. Қазір Сергеев қоймасынан Есілге ағып жатқан су деңгейі бір метрге жетіп қалды. «Бірақ бұл қауіпті кезең емес», – дейді мамандар.

Қымбат Мерғалымова, «Қазгидромет» МКК СҚОФ директоры:

- Алдағы тәулікте судың деңгейі Петропавлда да көтеріледі. Ал Есіл өзенінің салалары түсті. Енді оған Ақмола облысының ағын сулары келіп құяды. Бұл құбылысты Ғабит Мүсірепов ауданында айқын аңғаруға болады.

Осы күнге дейін өзен-көлдердің 50 учаскесінде мұз жарылды. Құтқарушылар тасқынға байланысты 116 елді мекенді қатаң бақылау алған.

Аслан Ахметжанов, ТЖД басқарма бастығы:

- Автожолдар астындағы 2 мыңдай құбырды тазартып, ұзындығы 238 шақырым болатын арықтарды ретке келтірдік. 160 мың қап құм дайындалды. Сонымен қатар қауіпті аумақтарға инерттік материалдар төселді.

Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласында биіктігі жеті метрге тең 29 шақырым бөгет салынды. Бұл мақсатқа 6,5 млрд теңге бөлінді. Енді топырақ үйінділерін нығайту жұмыстары қолға алынды.

Марат Тасмағанбетов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

- Тасқынға дайындық шаралары бір күнге де тоқтаған жоқ. Қазір полипропилен материалын бес бөгеттің жиектеріне төсеп жатырмыз. Сонымен қатар екі бөгет темірбетонды плиталарымен күшейтіледі. Бұл жұмыстар осы аптада аяқталады.

Былтырғы су тасқыны кезінде Петропавлдағы сорғы станциясы істен шыққан еді. Оны қалпына келтіру үшін 3 млрд-қа жуық теңге бөлінді. «Енді оған ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», – деп отыр мамандар.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков