Current Date: 29-03-2025

БҚО-да тасқын қаупі толық сейілді

Батыс Қазақстан облысында су тасқыны қаупі толық сейілді .

Өзен-көлдердің деңгейі төмендеді. Жайықпен келетін судың көлемі былтырғыдан 4 есе аз. Қазір өңірде бүлінген жолдар жөнделіп, үзілген қатынас қалпына келтіріліп жатыр.

Батыс Қазақстан облысындағы былтырғы алапат су тасқыны елдің есінде. Төрт аудан мен Оралда мыңдаған үй суға кетті. Жүздеген млрд теңге шығын келді. Биыл да табиғи апат қайталануы мүмкін деген болжам жауапты мекеме басшыларына күндіз күлкі, түнде ұйқы бермеді. Осы мерзімде облыста 147 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері салынды. 93 километр арық қазылды. Жаңадан 7 гидробекет орнатылды.

Исмаил Азамат, ТЖД басқарма бастығының м.а.:

- Быковка мен Көшім өзендерінде санация жүргізілді. Тазарту, кеңейту жұмыстары. Магистральді каналдар тазаланды. 1,7 млрд теңге бөлінді қар шығару жұмыстарына. Миллион текше метр қар шығарылды. 229 млн теңгеге мұз жару жұмыстары жүргізілді.

Бірақ биыл да су тасиды деген мамандардың айтқаны келмеді. Қазір Жайықтан басқа өзендердің деңгейі төмендеді. Егер бұрын Жайықпен көктемде 5,2 млрд текше метр су келеді делінсе, енді келер су көлемі 3 жарым миллиардтан аспайды, дейді мамандар. Оған Орынбордағы Ирикла су қоймасынан жіберілетін судың азайтылуы себеп. Қазір өңірде су шайған жолдарды жөндеу басталды. Жымпиты-Ақсай жолындағы уақытша көпір қалпына келтірілді. Қаратөбеден шыға берісте жырылған жолды сәуірдің басына дейін жөндеу жоспарланған. Арғы беттегі 9 ауыл қазір айналма жолмен жүріп жатыр. Биыл өңірде 3 көпірдің құрылысы басталады.

Мұрат Залмұқанов, Жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасы басшысының орынбасары:

- Қоржын ауылы қасында су өтті. Сосын 102 шақырым Қаратөбе, сосын Шыңғырлауда «перелив» болған жерлер. Былтыр да болды. Былтыр қатты шайып кетті. Соған қазір жоба істедік. Қазір сараптамаға кірді. Екі айда экспертизадан шыққасын республикадан ақшасын күтеміз. Сол көпір салғасын болашақта проблема болмайды.

Жаңа көпірлер Қалдығайты, Жақсыбай және Шыңғырлау өзендеріне салынады. Бұл нысандардың құрылысын қолға алуды былтыр өңірге сапары кезінде Мемлекет басшысы тапсырған.

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов