Петропавлда бүтін бір отбасы мүшелерін айуандықпен өлтірді деген күдікпен ұсталғандарға қатысты аппеляциялық соттың үкімі шықты, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Қанды оқиға 2023 жылдың желтоқсан айында болған. Жерлеу рәсімімен айналысқан Приходченко отбасын екі ер адам балғамен ұрып, пышақпен бауыздаған. Артынша марқұмдардың барлық қаражаты мен бағалы заттарын қолды қылған. Ерлі-зайыпты мен олардың 17 жасар баласы оқиға орнында көз жұмды. Телеарнаның хабарлауынша, тергеу барысында аталған жанұяны олардың бәсекелестері өлтіргені белгілі болды.
"Бірінші сот инстанциясының шешіміне сәйкес Сергей Емельянов өмір бойына бас бостандығынан айырылсын. Оның сыбайласы Данил Орловтың бас бостандығынан айыру мерзімі 21 жыл 10 айдан 23 жылға дейін ұзартылсын. Ал Ирина Скоробогатованың жазасы 4 жылға дейін ұзартылсын", — деді СҚО сотының қылмыстық істер бойынша сот коллегиясының төрағасы.
Жәбірленуші тарап соттың шешімен келіспейді. Олар қылмыскер жазадан жеңіл құтылды деп есептейді.
"Мен Скоробогатоваға қатысты соттың шешімімен келіспеймін. Менің отбасымды өлтіру бойынша жоспарды сол құрды. Бұл дәлелденген нәрсе. Ал Данил Орлов өмір бойына бас бостандығынан айырылу керек", — дейді марқұм ерлі-зайыптының қызы Татьяна Приходченко.