Current Date: 31-03-2025

”Қыздарға кесірім тимесін дедім”: ӘЧ-да “жеңісі ұрланған” боксшы бар шындықты айтты

Сербияда өткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында жүлдесіз қалған Жайна Шекербекова жеңілісті амалсыз қабылдағанын айтты.

Бұл туралы ол Аслан Каженовке берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионатының ширек финалында 54 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз Жайна Шекербекова сербиялық Сара Цирковичке жол берген еді. Жекпе-жекте Жайна Шекербекова қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсеткенімен, төрешілердің шешімімен жергілікті боксшы жеңіске жетті.

”Жеңілмегенімді сезіп тұрмын. Ішімде әттеген-ай бар. Төрешілерді толық сендіре алмағаныма өкінемін. Спортта түрлі жағдайлар болады. Бір төрешіге ұнасаң, басқа төрешіге ұнамай қаласың. Қолыңды көтергенше өзіңді дәлелдеуің керек деп үйреткен. Жекпе жектен кейін ұлттық құрамадағы қыздар, федерация мүшелері сөз жәрдем беріп, қолдау көрсетті. Бәрі жағдайды көріп тұр ғой”, — дейді ол.

Боксшы журналистің “ Неге рингтен кетіп қалып, төрешілердің шешіміне қарсылық танытпадыңыз” деген сұрағына жауап берді.

”Басында әлем чемпионатына келгенде простест жасалмайды деді. Бізде де рингтің тәртібі бар, спорттың ережесі бар. Қанша жерден ұтып тұрсаң да, жеңісті саған бермей қоюы мүмкін. Бұл жерде сен тек өзіңді ойламайсың. Команда болып келіп отырғаннан кейін, рингте байбалам салсаң басқа қыздарға кесірім тиіп кете ме дейсің. Өйткені басқа қыздар енді шығады. Адами фактор болғаннан кейін, төрешілерге дөрекі сөйлесең, тағы да басқа қазақ қыздарының жекпе-жегін бұрмалап жібере ме ойлайсың. Амал жоқ жеңілісті қабылдауға тура келді”, — дейді ол.

Жайна Шекербекова алдағы Азия ойындарына қатысып, спортпен “әдемі нүктеде” қоштасқысы келетінін де жасырмады.

”Алдағы жылы Азия ойындарына қатысу жоспарда бар. Қанша жыл осы спортта жүргеннен кейін әдемі нүктеде аяқтағым келіп жүрген. Мүмкін, осы әлем чемпионатында да әдемі болатын еді. Қаншама еңбек еттім, қаншама уақыт кетті. Жаттығу барысында өзімнің қарым-қабілетімді білемін, оған сенімдімін. Сондықтан ары қарай жалғастырғым келеді”, — дейді ол.