Елімізде түрмедегі тұтқындарды азаптау дерегі тыйылар емес. Әсіресе әйелдер колониясындағы жағдай қиын. Бұл туралы Көкшетауда өткен адам құқықтары жөніндегі үйлестіру кеңесінің кеңейтілген көшпелі отырысында айтылды.
Жиынға қатысушылар түрмедегі жүкті әйелдер мен балалары бар нәзік жандылардың мәселесін талқылады. Нақтырақ айтсақ, колониядағы бақылауды күшейтіп, қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру жөнінде бастама көтерілді. Бұдан бөлек, қолжетімді медицина, білім, құқық қорғау саласына қатысты мәселелердің шешу жолдары қарастырылды.
Ауқымды шараға отандық сарапшылармен қоса Ресей Федерациясының қоғамдық палата өкілдері де қатысты. Қос тарап ойларын ортаға салып, өзара тәжірибе бөлісті.
Жарқынбек Бақашпаев, ҚР Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығы басшысының орынбасары:
- Негізгі адам құқықтарын қорғау. Азаматтардың құқытарын қорғау бағытындағы атқарған қызметкердің халықаралық талаптарға сәйкестендірілгенін Ресейден келген әріптестермен бірге қарастырып, салыстырмалы түрде қандай дәрежеге жеттік, алдымызға қоятын мақсаттарды анықтау. Сол мәселелер бүгін қаралды.
Айман Омарова, адвокат, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Мемлекет басшысы Құрылтайда әйелдерді айтты, балаларды айтты. Қазіргі таңда Парламентте де өзгерістер болады. Заңға өзгерістер еңгізіледі. Жоғары сотты шақырып, олармен де сөйлестік. Сол үшін бұл әншейін талқылап қалды емес, талқылап проблемаларды шешудің жолы деп айтсақ болады.