0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Еуропада Тоғызқұмалаққа қызығушылық күннен-күнге артып келеді. Латвия, Литвадан кейін енді Эстония да Тоғызқұмалақ федерациясын құруға ниетті. Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясы еліміздің Эстониядағы елшілігімен бірігіп Наурызды тойлау аясында Таллин қаласында ұлттық ойыннан жарыс ұйымдастырды. Сайысқа Эстониядағы шет мемлекеттердің елшілері мен дипломаттары қатысты.
Тұңғыш ұйымдастырылған турнирге 30-дан астам шет мемлекеттің Эстониядағы елшілері мен дипломаттары жиналды. Зияткерлік ойынның ережесін түсіндіріп, шеберлік сабағын өткізуге Тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы Серік Ақтаев Астанадан арнайы келген.
Серік Ақтаев, тоғызқұмалақтан үш дүркін Әлем чемпионы, еңбек сіңірген жаттықтырушы:
Негізгі мақсатымыз-ол ұлттық ойынымызды одан әрі әлем бойынша көрсетіп, насихаттау, дамыту. Келешек дүниежүзілік көшпенділер ойындарында, әлем чемпионаттарында елдер санын арттырып, бүкіл әлемге дамыту.
Төрт мың жылдық тарихы бар Тоғызқұмалақ ойыншының ойлау, есте сақтау қабілетін арттырады. Зерттеушілер «Ойшылдар ойыны»деп бекер айтпаған. Әдетте, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға шебер елшілерді Тоғызқұмалақ тығырыққа тіреді.
Джеймс Шерри, Ирландияның Эстониядағы елшісі:
Бұл өте қызық, ғажап ойын. Стратегиялық ойлау қабілетіңді дамытады. Бірақ қарсыласыңды жеңу үшін тактикалық әдіс қажет екен. Мен қызығып ойнадым. Қазақ мәдениетінің маңызды бөлігі-ұлттық ойындарыңызбен танысуға мүмкіндік алғанымды қатты бағалаймын.
Джеймс Шерри жанын салып ойнағанмен Францияның Эстониядағы елшісі әріптестерін шаң қаптырып, турнирдің чемпионы атанды. Жеңімпазға тақия сыйға тартылды.
Эманнюэль Миньо, Францияның Эстониядағы елшісі:
Басында қиын болды. Ережесін түсінгеннен кейін Тоғызқұмалақтың тереңіне бойлап кеттім. Мықты стратегия болу керек. Ойлану қажет. Керемет ойын.
ЮНЕСКО ұйымы Тоғызқұмалақты адамзатқа ортақ мәдени мұра деп бекітті. Қазақтың ұлттық ойынын бүгінде әлемнің 50-ден астам елінің халқы ойнайды. Жеті әлем чемпионаты өткізілді. Қазір Еуропаның 15 мемлекетінде Тоғызқұмалақ федерациясы мен әріптес ұйымдар бар. Эстондықтар да дәл осындай қауымдастық құрып, болашақта Тоғызқұмалақтан халықаралық турнир өткізуден үмітті.
Нұрсұлу Қасым