Қытайдың Таншань қаласында Астанадағы LRT желісінің алғашқы жылжымалы құрамдарын құрастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірінші партияда 19 жылжымалы құрамға тапсырыс берілген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ City Transportation ЖШС-ға сілтеме жасап.
CTS-тің мәліметінше, ұзындығы 60 метрлік жылжымалы құрамдар GOA 4 деңгейіндегі автоматтандырылған бағдарламалық-аппараттық кешенмен жабдықталады, ол келесі функцияларды қамтамасыз етеді:
- есіктерді автоматты түрде ашу және жабу;
- тоқтау және жылдамдату;
- депоға кіру және шығу;
- құрамдардың жағдайын бақылау;
- пойыздар арасындағы қашықтықты реттеу;
- оператордың (машинис) қатысуынсыз басқа функцияларды орындау.

Төрт секциялы құрамдар толық жүктелгенде (6 адам/шаршы метр) 600-ден астам жолаушыны сыйдыра алады.
Жолаушылардың жайлылығы үшін салондарда беріктігі жоғары материалдар, соның ішінде органосиликатты былғары және шыны талшықты композит қолданылады.

Шуды азайту үшін келесі технологиялар қолданылады:
- қалыңдатылған терезелер және шуды бәсеңдету элементтері;
- диаметрі үлкейтілген дөңгелектер.
Құрамдар заманауи ақпараттандыру жүйелермен жабдықталады:
- сыртқы және ішкі электронды таблолар;
- LCD-мониторлар, олар қозғалыс бағытын, соңғы және келесі станцияларды, есіктердің ашылу жағын және шұғыл ақпаратты көрсетеді.

Астана климатының ерекшелігін ескере келе, вагондардың алдыңғы терезесі температураны реттейтін электрлі жылыту жүйесімен жабдықталған. Бұл кенеттен болатын температура өзгерістерінде әйнектің булануының алдын алады. Кондиционер қондырғысының қуаты 35 кВт (салқындату қуаты).
- Жылжымалы құрамдардың қуаты – 1 722 кВт, ең жоғары жылдамдығы – 80 км/сағ.
"Қазіргі уақытта алюминий қорытпасынан жасалған корпус элементтерін дайындау және дәнекерлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы жылжымалы құрамдар мамыр айының соңына дейін дайын болады. Қыркүйек айында алғашқы пойыздар жеткізілгеннен кейін тестілік сынақтар басталады", — деп атап өтті компания өкілдері.

City Transportation Systems ЖШС басқарушы директоры Орынбасар Ағыбаевтың айтуынша, сынақтар бірнеше айға созылады.
"Тестілік пайдалану немесе тестілік іске қосу – пайдалануға берудің маңызды кезеңі. Бұл кезеңде барлық инфрақұрылым элементері, жылжымалы құрам және барлық жабдық тексеріледі, соның ішінде рельстердің бүтіндігі, электрмен жабдықтау жүйесі, телекоммуникация жүйелері толық зерттеледі. Сынақтар барысында үлкен көлемде деректер жиналып, талданады, оның нәтижесі бойынша LRT жүйесін пайдалануға беру туралы шешім қабылданады. Алғашқы тестілік іске қосу осы жылдың қыркүйек айына жоспарланған, бұл сынақтар бірнеше айға созылады", — дейді Орынбасар Ағыбаев.