Қоржынымызда 5 медаль.
Оның біреуі алтын. Иордания астанасы Амман қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты мәресіне жетті. Жарыстың соңғы күндері еркін күрес бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Нәтижесінде ұлттық құрама өкілдері 5 мәірте жеңіс тұғырына көтерілді. Әсіресе, 74 келідегі Нұрқожа Қайпанов барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, жарыс жеңімпазы атанды. Ол финалда қырғыз спортшысы Орозок Токиомамбетовты 2:1 есебмен жеңді. Айта кетейік, Нұрқожа осымен үшінші рет Азия чемпионы атанып отыр. Бұған дейін 2019 жылы Қытайда және 2021 жылы Қазақстанда өткен құрлық біріншілігінде алтыннан алқа тағынған.
Нұрқожа Қайпанов, үш дүркін Азия чемпионы
Бұған қоса қоржынымызда екі күміс жүлде бар. Яғни 86 келідегі Болат Сақаев пен 97 келідегі Ризабек Айтмұхан финалда қарсыластарына есе жіберді. Ал 57 келідегі Рахат Қалжан мен 92 келідегі Азамат Дәулетбеков өз салмақ дәрежелерінде үздік үштікті түйіндеп, қола жүлдегер атанды. Осылайша Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлдемен жалпы командалық есепте үшінші орынға тұрақтады. Топ басында Иран және Жапония құрамалары. Оларды өкілдері сәйкесінше 4 және 3 алтыннан жеңіп алды.
Ризабек Айтмұхан, ұлттық құрама мүшесі
Қазақстандық боксшылар кімдермен кездеседі?
Қазақстан Нұрзат Оңғаров пен өзбекстандық Асылбек Жалилов алғашқы айналымда кездеседі. Бүгін түнде Бразилияда бокстан Әлем Кубогы деп аталатын жаңа форматтағы жарыс басталады. Оны World Boxing ұйымы енгізіп отыр. Байрақты бәсекеге 8 боксшымыз аттанған болатын. Жеребе тарту нәтижесінде ең жеңіл салмақта, яғни, 50 келіде Қазақстан және Өзбекстан боксшылары жолығады. Яғни, Нұрзат Оңғаров пен Асылбек Жалилов жұдырықтасады. 55 келіде қазақстандық Нұрсұлтан Алтынбек бразилиялық Михаил Триндадымен, ал, 60 келідегі Талғат Сырымбет тағы бір бразилиялық Луиз Олейвейрамен кездеседі. 65 келідегі Алмат Абдуәлінің алғашқы қарсыласы жергілікті боксшы. Ал Дархан Дүйсебай, Диас Молжігітов және Дәулет Төлемісовтер жарысты екінші айналымнан бастайтын болды. Бұған қоса, аса ауыр салмақтағы Даниял Сапарбай үндістандық Нарендер Нарендермен қолғап түйістіреді. Бразилиядағы әлемдік аламан 6 сәуірге дейін жалғасады.
Астанадағы кәсіпқой бокс кешіне дайындық
Ағайынды Сабырхандардың қарсыластары анықталды. Яғни Махмұд колумбиялық, Төрехан чехиялық боксшымен жұдырықтасады. Бірер күннен кейін, нақтырақ айтқанда, 5 сәуір күні Астанада кәсіпқой бокс кеші өтеді. Ең басты жекпе-жек қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен франциялық Анауэль Нгамиссенгу арасында болмақ. Жәнібек чемпиондық атақтарын қорғайды. Міне, осы кеш аясында ұлттық құрама сапындағы Махмұд Сабырхан мен Төрехан Сабырхан да шаршы алаңға шығып, кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесулерін өткізуге мүмкіндік алды. Махмұд колумбиялық Николас Тордесильямен жолығады. Қарсыласы кәсіпқой бокста екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде жеңіске жеткен. Ал, Төрехан чехиялық Джири Хаукемен өзара мықтыны анықтайды. Джиридің көрсеткіші 10 жекпе-жек, 4 жеңіс. Атамыш кезедесулер 6 раундқа есептелген. Қазір ағайынды Сабырхандар жеке бапкері Ілияс Оралбековтың жетекшілігімен дайындықты пысықтап жатыр.
Балалар арасындағы халықаралық турнир
«Спартак» — «Астана кубогінің» жеңімпазы. Елордада футболдан балалар арасындағы халықаралық турнир мәресіне жетті. Бұнда бас-аяғы 12 комианда жиналып, 4 күн бойы өзара мықтыны анықтаған болатын. Нәтимжесінде, Мәскеуден келген «Спартак» академиясының шәкірттері жеңімпаз атанды. Олар финалда ташкенттік «Пахтакор» 4:1 есебімен жеңді. Сәйкесінше, «Спартак» бірінші, «Пахтакор» екінші, ал, «Ақтөбе» командасы үшінші орынға тұрақтады.
Еркебұлан Жомарт, №8 спорт мектебінің директоры
Жарыс қорытындысы бойынша ерекше қабілетімен көзге түскен өрендерге арнайы сыйлықтар табысталды. Мәселен, «Спартак» сапрындағы Данил Максимов «Ең үздік ойыншы», «Пахтакор» сапындағы Шохрух Салимов «Ең үзік қорғаушы», ал, «Ақтөбе» сапындағы Далет Елиманов «Ең үздік шабуылшы атанды. 10 жастағы балала рарасындағы халықаралық турнир алдағы уақыттада жалғасын тауып, оны тұрақты ұйымдастыру жоспарланып отыр.