" J2-8243 : соңғы рейс" фильмінің премьерасы әзербайжандық Baku TV телеарнасында болады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Әзербайжанда 31 наурызда Баку уақытымен сағат 22:00-де (Астана уақытымен 23:00) Baku TV телеарнасында Ақтау маңындағы ұшақ апатына арналған "J2-8243: соңғы рейс" деректі фильмі көрсетіледі.
Фильмде 2024 жылы 25 желтоқсанда болған Баку-Грозный "J2-8243" рейсінің апатынан кейін қаза тапқан, аман қалған, сондай-ақ құтқару операциясына қатысқан жандардың оқиғасы туралы баяндалады.
Фильмге ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев, құтқару операциясының басқа да қатысушылары түскен.
Ақтау маңындағы ұшақ апаты
25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуекомпаниясына тиесілі ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.
Бортта Әзербайжанның 42-і, Ресейдің 16-ы, Қазақстанның алты, Қырғызстан үш азаматы болған.
Ұшақ апатынан 38 адам қаза тапты. Олардың үшеуі – экипаж мүшесі. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.
АZAL әуекомпаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Қазақстан Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.
Әзербайжан астанасында аза тұту күні жарияланды.
26 желтоқсанда Euronews агенттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.
Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасады. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін жеткізді.
Бұдан бөлек, Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды.
Өз кезегінде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына берген сұқбатында ұшақтың апатқа ұшырауына себеп болуы мүмкін фактілерді атады.
Сондай-ақ ол ұшақ апатынан қаза болған марқұмдардың отбасымен кездесу кезінде әділдікті, сондай-ақ кінәлілерді жазалауды талап ететіндерін мәлімдеді.