Current Date: 14-03-2025

14 наурызда жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі басталады

14 наурызда жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі дәстүрге сай Көрісу күнінен басталады, деп хабарлайды 24kz.

Осыған байланысты қазір дайындық қарқынды жүріп жатыр. Биыл мәні терең Наурыз мерекесі ерекше аталып өтеді. Халықтың дәстүрлерін, мәдениеті мен тарихын насихаттауға бағытталған мың жарымнан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Атап айтсақ, Астанада «Қамажай» флешмобы, Ақтөбеде «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» атты мерекелік шеру, Ақмола облысында қолданбалы өнер шеберлерінің қатысуымен «Наурыз – Арбат» жобасы, Көкшетауда мыңнан астам әйел қатысатын «Кимешектер шеруі» өтеді.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі, сондай-ақ мерекенің жаңа логотипі бекітілген болатын. «Наурыз» бірыңғай логотипіндегі үш қызғалдақ – уақыттың үш кезеңін, яғни, еліміздің кешегі тарихын, қазіргі дамуын және келешек бағдарын бейнелейді. Тарихи тұрғыдан, Наурызнама – мыңжылдықтардан бастау алатын халқымыздың мәдени мұрасы. Былтыр 800-ден астам іс-шара, оның ішінде көрмелер, фестивальдар, әдеби-музыкалық кештер, қайырымдылық акциялар, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.